Лондонда екі елдің жоғары білім беру трендтері талқыланды
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев бастаған университет делегациясы Лондонда өткен ІХ Ұлыбритания-Қазақстан үкіметаралық комиссия отырысына қатысты. Жиында екі ел жоғары білімінің заманауи трендтері мен басымдықтары талқыланды.
Ауқымды шара жоғары білім беру саласындағы ынтымақтастық арқылы мемлекетаралық байланыстарды нығайту мақсатында ұйымдастырылды.
Комиссия отырысына ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев, UK international universities директорының орынбасары Марк Кросси, ҚазҰҚПУ Басқарма Төрайымы – Ректоры Гүлмира Қанай, Хериот-Уатта университетінің проректоры және вице-канцлер орынбасары, профессор Марк Биггс, «Болашақ» халықаралық бағдарламалар орталығының президенті Әнуар Жанғозин және өзге де ЖОО өкілдері келді.
Шара барысында министр Саясат Нұрбек «Қазақстан жоғары білім беру жүйесін дамыту» тақырыбында баяндама жасады. Ведомство басшысы жоғары білім беру жүйесінің жай-күйі мен жетістіктеріне тоқталып, Мемлекет басшысы алға қойған басым міндеттерге назар аударды.
Өз кезегінде UK international universities директорының орынбасары Марк Кросси «Ұлыбритания университеттері және олармен трансұлттық білім беру саласында табысты әріптестік қарым-қатынас орнату» тақырыбын қозғады.
Сонымен қатар спикерлер өз сөзінде Қазақстан мен Ұлыбритания жоғары оқу орындары арасындағы стратегиялық әріптестікті орнату мен нығайтудың өзекті мәселелерін қарастырды.
Айта кетсек, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Ұлыбританияның Ланкастер, Лондон бизнес және қаржы мектебі, Орталық Ланкашир (UCLan), Бирмингем, Эдинбург бизнес мектебі, Хериот-Уотт, Тиссайд (Teesside), Оксфорд, Ноттингем сынды жоғары оқу орындарымен ұзақ жылдан бері ынтымақтастықта.
2022 жылы білім алушылар мен ОПҚ академиялық ұтқырлығы шеңберінде ҚазҰУ-дан 16 студент, 7 докторант, 17 оқытушы, екі постдокторант Ұлыбритания жоғары оқу орындарына барып, түрлі конференцияларға, біліктілікті арттыру курстарына және тағылымдамаға қатысты. Бірлескен ғылыми жобалар, докторанттарды басқару – ҚазҰУ-дың Англия университеттерімен ынтымақтастығының негізгі құрамдас бөлігі. Сондай-ақ тараптардың ғылыми әлеуетін нығайту мақсатында «Ньютон – Әл-Фараби» серіктестік бағдарламасы әзірленді.
Қазақстан мен Ұлыбритания жоғары оқу орындары арасындағы әріптестік қатынастарды кеңейту бағытындағы іс-шаралар әлі де жалғасуда. ІХ үкіметаралық комиссия отырысы барысында қойылған басымдықтар мен міндеттер бірлескен жобалар, ғылыми зерттеулер мен академиялық алмасулар бағытындағы жаңа жобаларға жол ашпақ.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі