«Алматы – тәуелсіздіктің алтын бесігі» атты кеш өтті

30 қаңтар, 2012

26 қараша 2011ж.

«Алматы – тәуелсіздіктің алтын бесігі»атты кеш өтті

2011 жылдың 26 қараша күні Әл‑Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті филология, әдебиеттану және әлем тілдері факультеті мемлекеттік тіл кафедрасының ұйымдастыруымен, Экономика және Бизнес жоғары мектебі 1 курс, орыс бөлімі студенттерінің қатысуымен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай, «Алматы – Тәуелсіздіктің алтын бесігі» атты желтоқсан қозғалысына қатысушылармен кездесу кеші өтті.

Кешке «Қазақстандағы желтоқсан патриоттық қозғалысының» бас жетекшісі Рахметов Құрманғазы, «Желтоқсан қозғалысы» ұйымынан Мұзафар Әлібек, көтеріліске қатысушылар – Сауытов Серік Хафизұлы, Төлегенов Жанысбек, мемлекеттік тіл кафедрасының оқытушылары: ф.ғ.к., доцент Н.Ж. Егізбаева, Ғ.Қ. Иманалиева, Б. Рысбай және т.б., Экономика және Бизнес жоғары мектебі оқу‑әдістемелік және тәрбие жұмыстары бойынша деканның орынбасары э.ғ.к., доцент Бимендиева Л.А. қатысты.

Кездесу кешінің мақсаты – келешекте осы қозғалысқа әділ баға беретін студент жастарды желтоқсан қаһармандарымен жүздестіріп, тарихтың ақтаңдақ беттерін зерделеріне сіңіру, ел тәуелсіздігінің алтын бесігі болған Алматы қаласына, козғалысқа қатысқан желтоқсандықтарға құрметпен қарау, оларды ұлықтай білу.

Тарихтан алар орны ерекше желтоқсан қозғалысына қатысты жайттар жастарды ойландыратыны, қызығушылық танытатындары оқытушы қауымды қатты қуантты. Студенттер өздерін толғандырып жүрген сұрақтарына жауап алды.

Кеш студенттердің қонақтарға арнайы дайындаған концерттік нөмірімен басталды. Қазақстандағы жетекші оқу орнының Экономика және Бизнес жоғары мектебі 1курс, орыс бөлімі студенттері сол атауға лайық екендіктерін көрсетті. Кешке үлкен жауапкершілікпен қарап, түрлі танымдық қабырға газеттерін шығарған. Әсіресе, көрермендерін тәтті күйге бөлеген «Экономика» мамандығының студенті Оразалы Шыңғыстың орындауындағы Н. Тілендиевтің «Аққу» күйі, бейнетаспасымен бірге ешкімді бей‑жай қалдырмады. Осы топтың студенті Молдабекова Айған‑Айым мен Оразалы Шыңғыстың орындауындағы Абайдың «Айттым, сәлем қаламқас» әнін скрипка мен домбырада сүйемелдеп орындауы студенттердің қаншалықты дарынды екендіктерін айғақтап тұрғандай. Ал «Қаржы» мамандығының 1 курс студенті Бақтыбаеваның орындауындағы «Қағаз кеме» әні, Молдабекова Айған‑Айымның орындауындағы «Құрбыма» әні, «Есеп және Аудит» тобының студенттері Ильясова Айзада мен Балденова Рахиманың оқыған М. Шахановтың «Желтоқсан көтерілісіндегі тіл мүддесі және «жемократия»», «Желтоқсан тағылымы» өлеңдері кез‑келген көрерменннің жүрегіне жол таба білді.

«Экономика» мамандығының студенттері: Дәркембаев Арман, Тәжібаев Серікбол, Дүйсенбаев Ерасыл, Қонысбекұлы Сәбит, Ақунова Гүлвира сол кезеңнен сыр шертетін «Құйынға түске ғұмыр» атты көріністі тарту етті. Ал «Есеп және Аудит» тобының арулары мың бұралған билерімен көрермендердің көзайымына айналды. Ал осы кештің тартымды да қызықты өтуіне бар күштерін аямаған жүргізушілер: «Экономика» мамандығының студенті Қалмаш Ғазиза мен «Қаржы» мамандығының студенті Абдрахманов Серікханға жұрт алғыстарын жаудырды. Ал «Мәңгілік мұрат» атты бейнебаяннан кейін жастардың санасына бұл оқиғаның еліміз үшін қаншалықты маңызы жоғары екендігі жеткендей болды.

Қорыта келгенде, Тәуелсіздік туын тігуге қаншалықты күш‑қайрат керек болса, оны құлатпай ұстауға да соншалықты күш‑жігер керек екенін бүгінгі жастар түйсігімен сезінгені анық.

Кешті ұйымдастырушылар: Әл‑Фараби атындағы ҚазҰУ, мемлекеттік тіл кафедрасының доценттері ф.ғ.к. С.М. Иманқұлова, А.Т. Аширова, Ж.Ә. Абдрахманова.