«Еуразия» бірінші арнасы

31 қаңтар, 2012

Бүгін Алматыда ҚР ҰҒА және ҚР ЖМА академигі, ҚР еңбек сіңірген ғылым қайраткері, биология ғылымдарының докторы, профессор Майя Шығаеваның 85 жасқа толған мерейтойы аталып өтіп жатыр.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың биология және биотехнология факультетінің деканы Тамара Шалахметова: «Майя Хажетдинқызы – мейірбанды жан, бірақ талапшыл ғылыми жетекші. Оның жетекшілігімен 7 докторлық және 42 кандидаттық диссертация қорғалды. Өзі – 330-дан аса ғылыми еңбек пен 10 монографияның авторы», - дейді.

Майя Хажетдинқызы Шығаева 1927 жылы 21 қаңтарда Ресейдің Астрахань қаласында дүниеге келді. 1949 жылы Алматы мемлекеттік медицина институтын бітіргеннен кейін еңбек жолын ҚазКСР ҒА Микробиология және вирусология институтында қарапайым ғылыми қызметкерліктен бастап, директордың ғылыми орынбасарлығына дейін көтерілді.

1969 жылы микробиолог-ғалым, биология ғылымдарының докторы, 1977 жылы профессор, 2003 жылы Қазақстан Ұлттық Ғылым академиясының академигі, 1977 жылы Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері атанды.

1975-1985 жылдар аралығында биология факультетінің деканы қызметін атқарды.

Майя Шығаева елімізде микробиологиялық зерттеулердің жаңа бағыты – микроорганизмдерді антибиотик, мал азықтық препараттар алуда, сондай-ақ нан пісіру және сүт өнеркәсіптерінде пайдалану мәселелерімен; микроорганизмдердің селекциясы мен генетикалық өзгергіштігін және ұлттық сусындардың микрофлорасын зерттеумен; жаңа микроб өнімдерін алумен; мұнаймен ластанған топырақтың биоремедиациялық технологиясын жасаумен, олардың табиғи және техногенді экожүйелердегі жағдайын бақылаумен шұғылданды. “Халықтар достығы”, “Парасат” ордендерімен марапатталған.

Автор Мақпал Асубайқызы, «Еуразия» бірінші арнасы (1 tv.kz)