«Айқын» Республикалық қоғамдық-саяси газет

31 қаңтар, 2012

Сапа – басты бағыт

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде «Білім беру қызметіндегі инновациялар және оқытудың сапасын арттыру мәселелері» атты халықаралық ғылыми-әдістемелік конференциясы өтті. Басқосуды ҚазҰУ ректоры, академик Ғ.Мұтанов ашып, аталған іс-шараның жарты ғасырдан астам уақыт ұйымдастырылып келе жатқанын атап өтті.

Сондай-ақ жиынға шақырылған шетелдік әріптестеріміз - Ұлыбритания университетінің профессоры Бенжамин Местел, Цукуба университетінің профессоры Лесли Ткач-Каваский баяндама жасады. Пленарлық мәжіліске жиналған қауым Колумбия университетінің профессоры Рафис Абазовтың баяндамасын интерактивті онлайн тақтасы арқылы тыңдау мүмкіндігіне ие болды. Барлық баяндамалар «Хабар» телеарнасынан тікелей эфир арқылы берілетін Президенті Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауының басталуына дейін жалғасты. Сөйтіп, ҚазҰУ профессорлары мен оқытушылары Елбасының жолдауын мұқият тыңдады.

Жалпы, конференцияға 400-ден астам ЖОО-ның, алыс шетелдің (Испания, Жапония, Ұлыбритания, АҚШ, Түркия) және ТМД елдерінің ғылыми-зерттеу орталықтары мен қорларының өкілдері, Ломоносов атындағы ММУ мен РХДУ және қазақстандық жетекші ғалымдар мен педагогтар қатысты.

Конференцияның мақсаты білім беру үдерісіндегі оқытудың инновациялық әдістеріне және оқытудың сапасын көтеруге арналғандығын ескере отырып, осы жолда нақты нәтижелерге жету үшін конференция жұмысы бірнеше бағытқа бөлінді. Біріншісі - білім беру үдерісіндегі инновациялық әдістер, модульдік оқыту жағдайындағы СӨЖ, МӨЖ және ДӨЖ жаңа түрлері. Екіншісі - оқу үдерісін оқулықтармен қамтамасыз ету, электронды оқу құралдарын дайындау. Үшінші бағыт - өндіріс, білім беру және ғылым ықпалдастығы: академиялық ұтқырлық, жұмыс берушілер курсы, бәсекеге қабілетті мамандар дайындау. Төртінші бағыт, ҚазҰУ ректоры, академик Ғ.Мұтановтың айтуынша, заман қажеттіліктері мен білім беру үдерісінің жаһандық сипат алуына байланысты жаңадан енгізіліпті. Ол бағыт - жалпы білім беру пәндері мен тілдерді үйретудің технологиялары деп аталады. Сонымен қатар конференция аясында «PhD-докторантурасы мен магистратурада білім беру бағдарламаларының жүзеге асырылуы - зерттеу университетінің жетекші қызметі» дөңгелек үстелі мен ҚазҰУ информатика кафедрасының 10 жылдығына арналған «Білім беру үдерісіндегі ІT рөлі» пәнаралық ғылыми-әдістемелік семинардың жұмысы өтуде.

Алмагүл ҚҰРМАНБАЕВА,

Журналистика факультеті

деканының оқу-әдістеме және тәрбие

жөніндегі орынбасары