«Super students» байқауында 1 млн теңге жүлде қоры табыс етілді
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде факультетаралық тұңғыш «Super students» телевизиялық таланттар байқауы өз мәресіне жетіп, сайыстың жеңімпазы анықталды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаевтың бастамасымен жүзеге асқан байқауға 16 факультет қатысып, өзара бақ сынасты. Байқауда факультет студенттері үш кезең бойынша сынға түсті. Атап айтқанда: ән сайысы, би сайысы және ерекше қабілет көрсету сайысы. Өнерпаздардың өнерлерін елге танымал тұлғалар, қазақ эстрадасының жұлдыздары мен би саласының үздіктері сараптады.
Топтық және жартылай финалда мүдірмей өткен төрт факультет «Super students» байқауының финалдық кезеңіне жолдама алды. Олар: физика-техникалық факультеті, журналистика факультеті, заң факультеті, философия және саясаттану факультеті.
Финалдық бәсекеде танымал актер, әнші, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Байғали Есенәлиев, әнші, 2007 жылғы Азияның үздік дауыс иегері Айгүл Адиханова, күйші, «Қаскелең» мәдениет колледжінің директоры Саят Ақбасов, кәсіби биші Роман Лузанов пен Гүлден Исаева, актриса Бақыт Әліпбаева қазылық етіп, байқау жеңімпаздарын анықтады.
Сарапшылардың шешімімен үшінші орынды заң факультеті иеленіп, 100 000 теңгелік сертификатқа ие болса, екінші орынға көтерілген философия және саясаттану факультетінің студенттері 100 000 теңгеге қол жеткізді. Ал бірінші орынға журналистика факультетінің студенттері жайғасып, 100 000 теңгеге ие болды. «Super students» телевизиялық таланттар байқауының бас жүлдесін және 300 000 теңгені физика-техникалық факультеті жеңіп алды.
Сонымен қатар арнайы жүлделер табысталды. Байқаудың топтық кезеңінен бастап өнерімен көрермендерді баураған бес қатысушыға Қырғыз Республикасында орналасқан Ыстықкөлге жолдама (құны 100 мың теңге) берілді. Әнші Айгүл Адиханова физика-техникалық факультетінің студенті Жәнібек Сәбитбекке халықаралық әншілер байқауына жолдама сыйлады. Ал актриса Бақыт Әліпбаева журналистика факультетінің студенттеріне арнайы шеберлік сағатын өткізетін болды. Күйші Саят Ақбасов қазақтың қара домбырасын заң факультетінің білім алушы жастарына табыстады. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Ақпарат және коммуникациялар департаментінің директоры, байқаудың ұйымдастырушысы Қаншайым Байдәулет ән сайысында үздік өнер көрсеткен Нұризат Жаушыбайға ән жаздырып, жас биші Ақгүл Хайролға бейнебаян түсіріп беретінін жеткізді.
Сонымен қатар заң факультетінің деканы Байділдинов Дәулет Лайықұлы мен физика-техникалық факультетінің деканы Бейсен Нұрзада Әбдібекқызы өз студенттеріне оқытушылар атынан 100 000 теңгелік сертификатты табыстады. Нәтижесінде байқаудың жалпы жүлде қоры 1 миллион теңгені құрады.
ҚазҰУ-дағы факультетаралық тұңғыш «Super students» телевизиялық таланттар байқауында демеушілік көрсеткен «TanMediaGroup» холдингіне, «Керемет» студенттерге қызмет көрсету орталығында орналасқан «Банк ЦентрКредит» бөлімшесіне және «Парасат» кәсіподақ ұйымына алғысымызды білдіреміз!
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі