Ағылшын ғалымдары тәжірибелерімен бөлісті
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Әл-Фараби кітапханасында «Өсімдік шаруашылығындағы генетикалық технологиялар» атты халықаралық дөңгелек үстел өтті. Оған отандық және шетелдік ғалымдар, оқытушылар мен білім алушы жастар қатысты.
Шарада Ұлыбританиядағы Джон Иннес орталығының профессорлары – Кристобал Уауи, доктор Лутзи Уинген, Анна Бахус баяндама жасады. Бұл орталық – ауылшаруашылық дақылдарымен айналысатын әлемдегі жетекші ғылыми-зерттеу институттарының бірі. Шетелдік ғалымдар бидайдың полиплоидтық потенциалын ашу, көбею кедергілерін жою және морфогенетикалық жүйелері бойынша өз тәжірибелерімен бөлісті.
Белгілі ғалым және халықаралық сарапшы Алексей Моргунов дөңгелек үстел барысында жүгері және бидай сапасын жақсарту бойынша өз шешімін ұсынды.
Сондай-ақ жиында қазіргі таңдағы азық-түлік қауіпсіздігі мәселесі қозғалды. Отандық ғалымдар оны шешуде өзара тығыз байланыс орнату және тәжірибе алмасудың маңыздылығын атап өтті. Жиынға қатысқан жас ғалымдар мен ізденушілер өсімдік шаруашылығындағы соңғы жетістіктерге қанықты.
Айжан ЖҮСІПОВА,
Молекулалық биология және генетика кафедрасы
меңгерушісінің орынбасары