«Айқын» Республикалық қоғамдық-саяси газет

31 қаңтар, 2012

Нұртай ТОРМАНОВ, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің профессоры:

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 2012 жылғы халыққа арналған дәстүрлі Жолдауын ұжым болып тыңдадық. Жолдау алда келе жатқан дүниежүзілік тығырықтан шығу жолдарын және болашақта атқарылатын индустриялық-инновациялық бағдарламаны басты бағытқа ала отырып, стратегиялық даму жолдарын саралап, айқындап көрсетіп берді.

Президент еліміздегі жұмыссыздықты жою, әрбір отбасын қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету, ауыл мен селоны жандандыру, табиғи ресурстарды тиімді пайдалану арқылы шетелдерге жалға берген пайдалы қазбаларды тиімді пайдалану сынды басымдық берілетін мәселелерді көтерді. Жолдаудағы 10 бағыттың әрқайсысының өзіндік орны бар. Осы айтылған бағдарламалардың ішінде бізге, яғни білім беру саласындағы ұжымдарға арналған мәселе, жастарға заманауи талапқа сай, әлемдік бәсекеге төтеп бере отырып, өмірден өзінің мамандығы бойынша орнынан таба алатын мамандарды дайындау болды. Ол үшін оқу үрдісіне білім және тәрбие берудің инновациялық технологиясын енгізу қажет деген мәселе көңілімнен шықты. Бүгінгі университетімізде өткізіліп жатқан «Білім беру қызметіндегі инновациялық және оқытудың сапасын арттыру мәселелері» жайлы 42-халықаралық ғылыми-әдістемелік конференция бүгінгі Жолдауға сәйкес келіп отыр. Мұнда да дәл осы мәселе көтеріліп еді. Бүгінде Назарбаев университеті жетістікпен жұмыс істеп жатқан еліміздің алдыңғы қатарлы оқу ордасына айналды. Назарбаев университетінің тәжірибесін басқа да жоғары оқу орындарына насихаттау, оқу процесін индустриялық-инновацияға сай өткізуді көрсетіп отыр. Университет тәжірибесінен аларымыз көп деп санаймын. Елбасының биылғы халыққа Жолдауы барлығымызға ұнады. Себебі бұл ел дамуының болашағын көрсететін даңғыл жол деп үлкен сеніммен қараймын.