BASF компаниясымен бірлескен жобалар іске асырылады
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев химиялық өнеркәсіпте көшбасшы «BASF» компаниясының бас директоры Сәуле Байтжаунова бастаған делегациямен кездесіп, серіктестік орнату бойынша мәселелерді талқылады.
Құрметті қонақтарды университет ректоры жылы қабылдап, ҚазҰУ ғалымдары әзірлеген инновациялық жобалар туралы кеңінен ақпарат берді.
«Ғылымның дамуы – еліміздің болашағы. Осы орайда, оқу ордамызда 100 инновациялық жоба дайындалды. Білікті және білімді ғалымдарымыз университетте аянбай еңбек етуде. Алдағы жоспар – ғалымдарымыз дайындаған ғылыми жобаларды коммерцияландыру. Қалашықта ҚазҰУ технопаркі мен Жерді қашықтықтан зондтау орталығы орналасқан. Сонымен қатар білім ордасында Samsung, Hewlett-Packard, Cisco, Коnіса Minolta, Fujitsu, Alcatel, Microsoft, «Касперский зертханасы», Huawei және т.б. жоғары технологиялық компаниялардың сертификаттау орталықтары, институттары мен академиялары табысты жұмыс істейді», – деді университет ректоры.
Сөз соңында Жансейіт Түймебаев құрметті мейманға «ҚазҰУ-дың 100 инновациялық жобалары» атты кітапты сыйға тартты.
Өз кезегінде BASF компаниясының бас директоры Сәуле Байтжаунова жылы қабылдағаны үшін университет ректорына алғысын білдірді. Сондай-ақ құрметті қонақ өз сөзінде оқу ордасындағы ғылыми жобаларды қолдауға дайын екенін жеткізді.
Кездесу соңында тараптар серіктестік орнату мәселесін талқылап, алдағы уақытта ауқымды жобаларды бірлесіп жүзеге асыруға уағдаласты.
Жүздесуден соң Сәуле Байтжаунова бастаған делегация ҚазҰУ музейін, жағдаяттық орталықты және күрделі жөндеуден өткен оқу корпустарын аралап көрді. Кейін университеттің Жерді қашықтықтан зондтау орталығына арнайы барып, ғылыми жобалармен кеңінен танысты.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі