«Егемен Қазақстан» Республикалық газет
Жауапкершілікті түйсікпен түсінсек жөн
Биылғы Жолдау Елбасының дана саясаты мен мемлекетіміздің даму стратегиясының кемелді екендігін көрсетті. Білім үдерісінде тәрбие компонентін күшейту маңыздылығы туралы Президенттің тезисін ерекше қолдаймын. Біз қазақстандық қоғамды жаңартудың маңызды ресурсы жастарды тәрбиелеу болып табылатынын үнемі есте сақтауымыз қажет.
Өз елінің белсенді және жауапты азаматын, сондай-ақ қазақстандықтардың жаңа ұрпағын қалыптастыруда білім беру жүйесіне үлкен жауапкершілік артылады. Осыған орай, жоғары оқу орындары тек өз ісінің маманын дайындаумен ғана емес, сонымен қатар, жастар ортасында азаматтық қасиеттер мен патриоттарды тәрбиелеу үшін барлық мүмкіндіктерді қамтамасыз етуі тиіс.
Қазақстан жастарына жалпыұлттық тәрбие жүйесін қалыптастыруда алдымен педагогтар орны ерекше. Біздің басты мақсатымыз жастардың өмір жолын таңдауында елдің дәстүрлі тарихы мен мәдениетін, рухани және адамгершілік басымдықтарына барынша қолдау көрсету болып табылады. Біз қазіргі жастардың жаһандық әлемде, ақпараттық қоғамда өмір сүріп жатқанын және олардың барлық салада, тіпті идеологиялық көзқараста да керемет таңдау мүмкіндіктері бар екенін анық түсінуіміз қажет. Қазіргі таңда шынымен де жігерлі де қайсар жастардың бәсекесі жүріп жатыр. Бұл біздің еліміздің болашағына деген жауапкершілігімізді арттырады.
Осы бағытта Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де нақты қадамдар жасалып жатқанын атап өтуге болады. Университетте гуманитарлық кеңес құрылды. Студенттерді жоғары мәдени құндылықтарға тәрбиелейтін университеттің корпоративті мәдениет кодексін қабылдадық. Студенттік топтар кураторлары арқылы педагогикалық тәлімгерлік тетігі енгізілді. Клубтық пішін ұстанымы бойынша студенттер ғылыми-зерттеу және мәдени-қоғамдық жұмыстарға белсене қатысуда. Ең бастысы, біз студенттермен жұмысты тәрбиенің ғылыми және инновациялық технологиялары негізінде құруға ұмтыламыз. Университетте әлеуметтік зерттеулер орталығы және кураторлар мектебі оқытушыларға үлкен көмек көрсетеді.
Президенттің идеялары мен жоспарлары барлық Қазақстан халқының, сонымен қатар, жоғары мектеп өкілдері арасында ілтипатқа ие болды. Президенттің Жолдауы – мемлекетіміздің әрбір азаматының жетістіктерге жетуге негізделген және мұқият тексерілген жоспары деп ойлаймын. Сондықтан да барлығымыз оны жүзеге асыруға, еліміздің өркендеуіне үлес қосуымыз қажет.
Шолпан ЖАМАНБАЛАЕВА, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің әлеуметтік даму жөніндегі проректоры, әлеуметтану ғылымдарының докторы, профессор.
Алматы.