Жапония студенттері ҚазҰУ-мен жақын танысты
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да «Аймақтану. Орталық Азияның саясаты, экономикасы және мәдениеті» атты қысқы мектебінде орыс тілін үйреніп жатқан жапониялық студенттермен университет басшылығы кездесу өткізді.
«Аймақтану. Орталық Азияның саясаты, экономикасы және мәдениеті» атты қысқы мектеп ҚазҰУ-да София университетімен және Токио шет тілдер университетімен жасалған келісім аясында ұйымдастырылып отыр. Бір айдың ішінде Жапонияның екі жоғары оқу орнынан арнайы келген 30 студент Қазақстанның мәдениетімен және дәстүрлерімен танысатын болады.
Әл-Фараби кітапханасында Басқарма мүшесі – операциялық қызмет жөніндегі проректор Әсел Уәлиева мен Басқарма мүшесі – әлеуметтік даму жөніндегі проректор Нұржан Айдосов еркін форматта кездесу өткізіп, пікір алмасты.
Жүздесуде Әсел Бекболатқызы білім ордасының жетістіктері мен алдағы жоспарлары туралы баяндады. Сондай-ақ проректор өз сөзінде ҚазҰУ-дың Жапонияның жоғары оқу орындарымен ұзақ уақыт бойы әріптестік аясында жұмыс жүргізіп келе жатқанын атап өтіп, «Қазақстан – көпұлтты мемлекет. Қазақ және орыс тілдерін үйрену үшін елімізге арнайы келген студенттерді көргенімізге қуаныштымыз. Сіздерге сәттілік тілеймін», – деді.
Еркін форматта өткен кездесуде Жапониядан келген студенттер тағамдарымен және табиғатымен баурап алған Қазақстан туралы әсерлерімен бөлісті.
Жүздесуден соң университеттің спорт кешенінде жапондық студенттер мен ҚазҰУ студенттері арасында шағын футболдан жолдастық кездесу ойыны жоспарланған.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі