ҚазҰУ қызметкерлерінің «Парасат» кәсіподақ ұйымы есеп берді
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ қызметкерлерінің «Парасат» кәсіподақ ұйымы дәстүрлі есеп беру конференциясын өткізіп, өткен жылдағы жұмысын қорытындылады.
Кәсіподақ комитетінің төрағасы Талғат Мекебаев кәсіподақ ұйымының қатысуымен демалыс кестелері, ішкі тәртіп ережелері, нұсқаулықтар бекітіліп, университет қызметкерлеріне материалдық көмек көрсету туралы шешімдер қабылданғанын және құрылатын комиссиялардың құрамында қызметкерлердің жеке-дара өтініштері қаралатынын атап өтті.
Есептік кезеңде «Парасат» кәсіподақ ұйымы әлеуметтік-еңбек, құқықтық және экономикалық қауіпсіздікті одан әрі жақсартуға, қызметкерлердің демалысын, сауықтыру және бос уақытын ұйымдастыруға бағытталған жұмыстарды атқарды.
Олардың қатарында университетіміздің үздік қызметкерлерін анықтау мақсатында ұйымдастырылған «Ең үздік маман» байқауын атап өтуге болады.
Демалыс күндері бір күндік тур аясында 100-ден астам университет қызметкері Алматы маңындағы көрікті жерлермен танысты.
Сондай-ақ кәсіподақ университет қызметкерлерінің балаларын да назардан тыс қалдырмай, оларға Жаңа жыл мерекесі және Балалар күні қарсаңында ойын-сауық қойылымдарын ұйымдастырып, сыйлықтар табыстайды.
Жазғы сауықтыру кезеңінде қызметкерлерге Ыстықкөлге демалуға жолдамалар беріледі. Осылардың барлығы ұйымдық бірлікті нығайту және студенттер мен оқытушыларға барынша қолайлы жағдай жасауға бағытталған.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі