Үздіксіз білім беру жүйесін дамыту бағыттары талқыланды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде профессор Шәркүл Таубаеваның 75 жылдық мерейтойына орай, «Үздіксіз білім беру жүйесіндегі педагогтардың зерттеу мәдениетін дамыту: тәжірибе және инновация» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Шараға белгілі ғалымдар, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері, оқытушылар мен студенттер қатысты.
Конференция қонақтары алдымен мерейтой иесінің ғылыми еңбектері мен оқулықтары қойылған кітап көрмесін, профессордың ғылыми-педагогикалық қызметіне арналған бейнероликті тамашалады.
Жиынды философия және саясаттану факультетінің деканы Бекжан Мейірбаев ашып, мерейтой иесіне арналған ҚР оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев пен ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаевтың құттықтау хаттарын оқыды.
Пленарлық отырыста ҚР Парламенті Сенатының экс-депутаты, қоғам қайраткері Динар Нүкетаева, философия және саясаттану факультеті деканының орынбасары Әлия Өмірбекова және ғалымның әріптестері мен шәкірттері сөз алды.
Баяндамашылар Шәркүл Таубаеваның педагогикалық зерттеулер әдіснамасын дамытуға қосқан елеулі үлесін атап өтті. Ғалым «Педагогиканың философиясы мен әдіснамасы», «Педагогикалық зерттеудің әдіснамасы мен әдістері» оқулықтарының, 300-ден астам ғылыми еңбектің авторы. Ол – жалпы және нормативтік әдіснама, педагогикалық ғылым саласындағы ірі сарапшы.
Конференция жұмысы ары қарай панельдік секцияларға жалғасты. Онда зерттеушінің әдіснамалық мәдениеті, педагогика ғылымының әдіснамасын дамыту, студенттердің ғылыми-зерттеу жұмыстарын ұйымдастыру мәселелері талқыланды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі