ҚазҰУ-да академик Кенжеғали Сағадиев атындағы аудитория ашылды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Экономика және бизнес жоғары мектебінде ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері, экономика ғылымының докторы, профессор Кенжеғали Әбенұлы Сағадиев атындағы аудиторияның ашылу салтанаты өтті.
Мемлекет және қоғам қайраткері Кенжеғали Әбенұлы өзінің өмір жолында Қазақстанның бес ірі жоғары оқу орнын басқарып, еліміздің экономика және білім саласының дамуына елеулі үлес қосты.
Айтулы шараға мемлекет және қоғам қайраткерлері, белгілі отандық ғалымдар, Экономика және бизнес жоғары мектебінің оқытушы-профессорлар құрамы және БАҚ өкілдері қатысты.
Университет ректоры Жансейіт Түймебаев ҚазҰУ түлегі, көрнекті ғалым Кенжеғали Сағадиевтің жетістіктеріне тоқталып, «Кенжеғали Әбенұлы әрдайым жас ғалымдарға қамқорлық жасап, білімді шәкірттер тәрбиелеп, өзінің ғылыми мектебін қалыптастырды. Академик атындағы жаңа аудитория болашақ экономистерді, бизнес-менеджерлерді даярлау бойынша кәсіби шеберханаға айналады», – деп атап өтті.
Шарада сондай-ақ ҚР Жоғары оқу орындары қауымдастығының президенті Рахман Алшанов, академик Сәбит Байзақов, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова, «Нұрсұлтан Назарбаев білім қоры» қоғамдық қоры директорының бірінші орынбасары Светлана Мырзабекова, академиктің жары Нағытай Кішкенова және басқа да ғалымдар мен қоғам қайраткерлері сөз сөйледі.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі