Олимпиада қатысушыларына жасалған жеңілдік
Ақпанның 6-8 аралығында дәстүрлі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «әл-Фараби олимпиадасының» І туры өтті. Ол қашықтықтан тапсыруға болатын онлайн сынақ түрінде болды. Ал ғаламторға қолжетімсіздер үшін ҚазҰУ-дың жастар интернет орталығы жеңілдік жасады. Алматы қаласы мен облыстан келген оқушылар сынақты сол орталықта тапсырды. І турда әр пәннен 30 сұрақ бойынша тест тапсырылады. Оның қорытындылары анық болған соң, облыс орталықтары мен Алматы, Астана қалаларына университеттің оқытушыларынан жасақталған арнайы топ шығып, ІІ тур өткізіледі. Ол 21-23 ақпан аралығын қамтиды деп жоспарланып отыр.
Олимпиада талапкерлер үшін білімдерін сынауға, ең бастысы еліміздің ең беделді университеті ҚазҰУ-дың студенті атануға бір табан жақындауға мүмкіндік береді. Дарындыларды айқындау және оларға қолдау көрсету, мектеп оқушыларының шығармашылық қабілеттерін дамыту мақсатында өткізілетін жыл сайынғы білім бәйгесіне биыл 16000-нан аса талапкер тіркелген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда төрт мыңға көп.
ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі