ҚазҰУ-да Өмірбек Жолдасбековті еске алуға арналған шара өтті
Бүгін Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде халқымыздың көрнекті тұлғасы, мемлекет және қоғам қайраткері, академик Өмірбек Арысланұлы Жолдасбековтің ескерткішіне гүл қою рәсімі өтті.
Дәстүрлі түрде 1 наурыз күні өтетін шараға Өмірбек Жолдасбековтің ұрпақтары мен замандас достары, білім ордасының оқытушы-профессорлары және студенттері қатысты.
Саналы ғұмырын білім мен ғылымды көтеруге арнаған қайраткер тұлғаның туғанына биыл 92 жыл толып отыр. Ескерткіш алдында жиналғандар университеттің дамуына қосқан үлесі үшін Өмірбек Жолдасбековтің рухына тағзым етіп, білім мен қоғамға өлшеусіз еңбек сіңірген тұлғаны еске алды.
Шарада Басқарма мүшесі – қаржылық қызмет жөніндегі проректор Калилла Абдуллаев сөз сөйлеп, ректор Жансейіт Түймебаевтың құттықтау хатын оқып берді. Өз сөзінде проректор Өмірбек Арысланұлының ҚазҰУ қалашығын салуда атқарған еңбегі өлшеусіз екенін баса айтты.
«Өмірбек Жолдасбеков ғылым мен қоғамдық жұмыстарды қатар алып жүрген көрнекті тұлға болған. Ол Қазақ ұлттық университеті қалашығының негізін қалап, оны әлемдік деңгейге көтеріп кетті. Ол кісінің ғылыми мектебі қазіргі таңда да жемісті еңбек етіп келеді. Ал өмір жолы, сіңірген еңбектері бүгінгі ұрпаққа қашанда үлгі», – деді проректор.
Өз кезегінде Өмірбек Арысланұлының замандас әріптестері мен шәкірттері сөз алып, өз естеліктерімен бөлісті.
Еске сала кетейік, Өмірбек Жолдасбеков 1970-1986 жылдары университетте ректор қызметін атқарды. Білім ордасын басқарған тұста академик ҚазҰУ қалашығының негізін қалап, жоғары оқу орнын жаңа деңгейге көтерді. Оқытушы-ғалымдар мен қызметкерлерге жағдай жасалып, шетелдің үздік мамандары шақырылды. Ғалымның басшылығымен ЖОО-да жаңа зертханалар, кафедралар, ғылыми орталықтар, сондай-ақ Қазақстан ұлттық инженерлік академиясы құрылды. Өмірбек Арысланұлының ашқан ғылыми жаңалықтары, ізденіске толы еңбектері Қазақстанда ғана емес, әлемдік ғылыми ортада да кеңінен мойындалды. Қажырлы да табанды еңбегінің арқасында механик ғалымдардың тұтас бір шоғырын тәрбиелеп шығарды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі