- Басты бет
- Жаңалықтар
- ҚазҰУ және Мысыр Араб Республикасының жоғары оқу орындары арасындағы болашақ әріптестік мәселелері талқыланды
ҚазҰУ және Мысыр Араб Республикасының жоғары оқу орындары арасындағы болашақ әріптестік мәселелері талқыланды
Жақында Мысыр Араб Республикасының Қазақстандағы өкілетті елшісі Абдолла Эль-Арнуси әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне арнайы сапармен келді.
Кездесуде ҚазҰУ-дың ректоры Бақытжан Жұмағұлов пен Абдолла Эль-Арнуси екі ел жоғары оқу орындары арасында әріптестік орнатудың келешегін талқылады. Елші өз сөзінде Қазақстанның жетекші университеті тек Орталық Азияда ғана емес, бүкіл әлем бойынша жоғары беделге ие екендігін атап өтті.
- Сіздерден көп нәрсені үйренуге болады. Біздің студенттер ҚазҰУ-да сапалы білім алуда және өз кәсібінің нағыз маманы болып шығады. Олар Қазақстанға қайта оралуға әрқашан дайын, бұл екі ел арасындағы өзара сенімнің жоғары екендігін көрсетеді, - деді Абдолла Эль-Арнуси сөз барысында.
Сонымен қатар, мысырлық тарап екі жаққа да өзара тиімді ғылым және білім саласына қатысты ұсыныстар жасады. Соның бірі - бірлескен қазақстандық-мысырлық ғылыми орталықты ашу идеясы. Елшінің мәлімдеуінше, МАР био- және ақпараттық технологиялар саласында күшті ғылыми-техникалық базаға ие. Мұндай орталық оқытушылар мен студенттердің, жаңа технологиялар саласынының тәжірибе алмасуына мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, Қазақстанда араб тілін оқытуға қызығушылықты арттыру жайы сөз болды. Мысыр елшісі ҚазҰУ ғалымдарының араб және шығыс елдеріндегі беделін ескеріп, бұл әріптестікке ерекше құлық танытты. Елші ҚазҰУ ғалымдарының кез-келген ғылыми талпыныстары Мысыр тарапынан жан-жақты қолдау табатындығын айтты. Оның ойынша, болашақта Қазақ ұлттық университетінің Орта Азиядағы араб тілі орталығына айналуына барлық мүмкіндіктер бар. Бұл кездесу ҚазҰУ мен Мысыр елі арасындағы өзара әріптестіктің қажеттіліктері мен талаптарын анықтау, мүдделерін бір мәмлеге келтіру мақсатында жүргізілді.
ҚазҰУ ректоры университет тарапына айтылған жылы лебіздері үшін қонақтарға алғысын білдірді. Ол білім саласындағы әріптестікке ынта білдірген Мысыр елінің бұл қадамын жоғары бағалап, университет басшылығы да барынша қолдау көрсететіндігін айтты. Бақытжан Жұмағұловтың мәлімдегеніндей, екі мемлекеттің жоғары оқу орындары арасындағы халықаралық қарым-қатынастардың нығаюы Елбасы жүргізіп отырған сыртқы саясат ұстанымының жемісті еңбегі.
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ баспасөз қызметі