КІТАПХАНАШЫ ІЗДЕНІСІ – УАҚЫТ ТАЛАБЫ

2 наурыз, 2023

Жыл сайын Қаскелең мәдениет колледжіне «Кітапхана ісі» мамандығы бойынша 25 түлек оқуға қабылданады. Осы мамандық бойынша олар озық тәжірибелі педагогтерден білім алып, ҚР Ұлттық кітапханасынан және аудандық, қалалық, облыстық, модельді кітапханалар жүйесінен тәжірибе жинақтап, білікті маман атанып, республикалық, аудандық және басқа да техникалық, ғылыми кітапханаларда беделді қызметтер атқарып жатқанын зор ықыласпен айта аламыз.

Сондай-ақ бұл мамандық бойынша білім алушылар республика кітапханалары және кітапхана мамандарын даярлайтын ЖОО ұйымдастыратын іс-шараларға, ғылыми-ізденіс жұмыстары мен конференцияларға, байқауларға қатысып, жүлделі орындар мен марапаттарға ие болуда. Мәселен, біздің студенттер Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың «Ақпараттық кітапханалар жүйесі» мамандығы ұйымдастыратын «Әл-Фараби әлемі» халықаралық студенттер мен жастардың конференциясына, ҚазҚҰПУ Кітапханатану және библиография кафедрасы ұйымдастыратын республикалық пәндік олимпиада жүлдегерлері болып келеді. Сонымен қатар республикалық кітапханалар ұйымдастыратын онлайн және офлайн форматтағы кітап оқуға байланысты байқаулар мен сайыстардың белсенді қатысушылары. Ерекше атап өтетін жетістігіміз – «Кітапхана ісі» бөлімінің 2-курс білім алушысы Нұрай Оралбек «Білім инновациясы ғылыми орталығы» ұйымдастырған «ҚР үздік студенті – 2022» байқауының жүлдегері атанып, арнайы төсбелгімен марапатталды. Мұндай байқауларға қатысу білім алушылардың шығармашылығы мен өзін-өзі бағалауына, мамандыққа қызығушылығын дамытуға ықпал етеді.

Бұған қоса, «Кітапхана ісі» мамандығының білім алушылары «Білім күні», «Тілдер күні», «Студенттерге арнау», «Студенттер күні», «Тәуелсіздік күні», «Наурыз мейрамы» сияқты колледждің жыл сайынғы іс-шараларына және т.б. шараларды талқылауға белсенді қатысады.

Қаскелең мәдениет колледжінде жоғары педагогикалық шеберлігі, ғылыми нәтижелері және іске берілгендігі үшін оқытушылар мен қызметкерлерді марапаттау жүйесі әзірленіп, табысты жұмыс істейді.

«Кітапхана ісі» бөлімінің педагогтері Нұржамал Декембаева «Білім беру саласының үздігі» медалімен, Айгүл Тиерменова «Білім беру саласының үздігі» медалімен, облыстық кәсіподақтар бірлестігінен «Кәсіподаққа еңбегі сіңген қайраткер» төсбелгісімен, ал Балжан Жүнісова «Кәсіподаққа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен және өткен жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: жаңғыру мен жаңару жолы» атты Қазақстан халқына жолдауын қоғамға кеңінен насихаттау мақсатында «Тәуелсіздік – алтын тұғырымыз» атты республикалық конференция барысында «Қазақстан Республикасының жылдың үздік маманы» атты республикалық байқауына қатысып, байқаудың жеңімпазы ретінде төсбелгімен марапатталды.

Біздің «Кітапхана ісі» бөлімінің оқытушылары жыл сайын әртүрлі біліктілікті арттыру курстарынан өтеді. Оқытушылардың біліктілігін арттыру жылдық біліктілікті арттыру жоспарына сәйкес жүргізіледі. Сондай-ақ «Кітапхана ісі» бөлімінің оқытушылары өздерінің ізденістерін тоқтатқан емес. Колледждегі озық педагогикалық тәжірибені тарату үшін бұқаралық ақпарат құралдары мен интернет қауымдастықтары арқылы тәжірибені тарату әдісі кеңінен қолданылады. Осы орайда, көшбасшы университет – Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-мен арадағы байланысты нығайтып, білім алушыларға тиімді, ортақ жобаларды жүзеге асыруды көздеп отырмыз.

 

Саят АҚБАСОВ,

Қаскелең мәдениет колледжінің директоры

Алматы облысы