Альмира Кустубаева: «Нейроғылым сана құпияларын ашады»
Ғалым ғылымға шынымен құштар болған кезде ең батыл жобаларды ерекше шабытпен жүзеге асыра алады. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің биофизика, биомедицина және нейроғылым кафедрасының меңгерушісі Альмира Кустубаева осылайша оқу орны жанынан Когнитивтік нейрорғылым орталығын құрды. Профессор бүгінде ми мен адам санасының мүмкіндіктерін тану көкжиегін кеңейте отырып, еліміз үшін жаңа сала – нейроғылымды дамытуда.
Альмира Кустубаева бала кезінен ғалым болуды армандаған және өзін басқа салада елестете алмаған. Тек ғылым саласын таңдауға келгенде күманданады. Алдымен кішкентайынан жақсы көретін математикаға көңілі бұрады, пән бойынша олимпиадаларда да жеңіске жетеді. «Соңында мен медицина ғылымдарының докторы болып табылатын ағамның: «Биологияға бар. Онда атқарылар жұмыс көп. Математикалық қабілеттеріңді биологияда қолданасың» деген кеңесін тыңдадым. Бағытым дұрыс болды. Нәтижесінде ҚазҰУ-дың биология факультетіне оқуға түсіп, биофизика мамандығын таңдадым. Профессор Замира Бияшева мені миды зерттеу әдістерімен баурап алды», – дейді ғалым. Университетті тамамдаған соң Альмира Мэлсқызы 1994 жылы Мәскеудегі халықтар достығы институтында Н.А. Агаджанянның жетекшілігімен кандидаттық диссертация қорғады.
Математикаға деген сүйіспеншілік ғалым нейроғылыммен айналысқан кезде көмектеседі. Бұл бағыт ҚР Президентінің гранты бойынша 2003 жылы Турку қаласындағы (Финляндия) когнитивті нейроғылым орталығында жас ғалымдарға арналған тағылымдамадан бастау алады. Дәл сол кезде Қазақстанда ұқсас орталықты құру идеясы пайда болып, ол бірнеше жылдар өткен соң ҚазҰУ-да жүзеге асырылды. JFDP (АҚШ-та), TEMPUS (Ұлыбританияда), Fulbright (АҚШ-та) және басқа да гранттар бойынша ғылыми тағылымдамалар ғалымның ми функцияларын интегративті әдіс тұрғысынан зерттеу бойынша көзқарасын қалыптастырды. Цинциннати университетінің (АҚШ) психиатрия және мінез-құлық нейрологиясы кафедрасы жанындағы Нейроимиджинг орталығында өткен постдокторантура және ғылыми жұмыс тәжірибесі де маңызды кезең болды. Барлығы Альмира Мэлсқызына ми сигналдарын талдау саласындағы маман болуға, функционалды магниттік-резонанстық томография әдісін игеруге, қалыпты және бұзылған кезде эмоционалды күйлер мен когнитивті бақылау бойынша зерттеулер жүргізуге мүмкіндік берді.
«Өмір жолымда М. Познер, Дж. Маттьюс, Ю.И. Александров, Дж. Элиассен, Дж.Дункан сынды атақты тұлғаларды кездестірдім және олар маған көп әсер етті. Нейроғылым – бұл ғылыми зерттеулердің таңғажайып сарқылмас саласы. Ол біздің миымыз ақыл-ой әрекетін қалай қамтамасыз етеді, сана дегеніміз не, оның нейрофизиологиялық механизмдері қандай, миымыз ақпаратты қалай кодтайды, ми сигналдары арқылы біздің ойлауымызды түсінуге бола ма деген сұрақтарға үнемі жауап іздейді», – дейді ғалым.
«Қазір мен Қазақстанда нейроғылымды дамытуға күш салудамын. Шәкірттерім М.Жолдасова, А.Қамзановамен бірге Когнитивтік нейрорғылым орталығын құрдық, – деп жалғады сөзін Альмира Мэлсқызы. – Бұл салада интегративті ойлау қабілеті бар мамандардың керектігін түсіне отырып, «Нейроғылым» мамандығын үш деңгейде: бакалавриат, магистратура және докторантурада ашуды ұйғардық. Нейроғылымға аяқ басқан алғашқы студенттерге қарап, олардың біздің ісімізді жалғастырушы екеніне қуанамын. Нейроғылымдағы болашақ тамаша зерттеулерге жол ашып, көп жұмыс істеп жатқанымыз бекер емес. Шынында да, алғашқылар үшін әрқашан қиынырақ. Қазақстанда алғаш рет академик Серік Қуандықұлы Ақшолақовтың жетекшілігімен Ұлттық нейрохирургия орталығының базасында функционалдық магниттік-резонанстық сканерлеуді енгізгенімізді мақтан тұтамын. Енді біз бұл әдісті ми ісіктері бар науқастарда мидың когнитивті функцияларын картаға түсіру үшін қолданамыз. Бұл мидың жұмыс істеу құпияларын ашатын зерттеудің жаңа түрінің бастамасы».
Ғалым пайымдауынша, алғашқы қадам жасалды – Қазақстанда нейроғылымды дамыту үшін негізгі діңгегі қаланды, әдіснамалық кешендер енгізілді және әлемдік деңгейде іргелі зерттеулерді құру керектігі дәлелденді.
Альмира Кустубаеваның ғылымға қосқан үлесін мемлекет жоғары бағалады: ол «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытудағы еңбегі үшін, «Eren Enbegi yshin», «ЖОО-ның үздік оқытушысы-2019» медальдарымен марапатталды.
«Менің басты мақсатым мен арманым – ми институтын құру. Ондай институт Қазақстанда болған жоқ. Әлемдік қорлардан миды зерттеудің халықаралық қаржыландыруын тартуға қабілетті ғылыми құрылымды құрудың алғышарттары бар. Жұртшылықтың нейроғылымға деген қызығушылығы артып келеді, өйткені әркім өзінің және басқа біреудің миын, мінез-құлқын тереңірек түсінуге, эмоционалдық күйлерін реттеуге, қабілеттерін жақсартуға және ойлауды оңтайландыруға мүдделі», – деп қорытындылады ғалым әңгімесін.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың баспасөз қызметі