ҚазҰУ-дың Қытаймен серіктестігі жалғасады
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы сыртқы істер кеңсесінің басшысы Сюй Гуйсян бастаған делегацияны қабылдады. Кездесуде тараптар ынымақтастықты одан әрі дамыту бойынша мәселелерді талқылап, бірқатар ұсыныстарды ортаға салды.
Білім ордасының басшысы құрметті қонақтарға университет жетістіктерімен таныстырып, қытайлық жоғары оқу орындарымен әріптестік байланыстардың жүйелі жүргізіліп жатқанын атап өтті.
«Қазіргі таңда ҚазҰУ Қытайдың 55 жоғары оқу орнымен серіктестік орнатқан. Қытайдан ҚазҰУ-ға профессорлар арнайы келіп, жүйелі түрде дәріс оқып тұрады. Университетте Қытайтану кафедрасы мен Конфуция институты жұмыс істейді. Конфуция институтының ұйымдастыруымен көптеген ғылыми конференциялар мен кездесулер өтіп тұрады. Университетте ҚазҰУ ғалымдары әзірлеген 100 инновациялық жоба бар. Инновациялық жобаларды коммерцияландыру бойынша Қытай біз үшін үлгі. Сондықтан ғылыми бағытта және инновациялық жобаларды коммерцияландыру бойынша бірлесіп жұмыс атқару қажет деп санаймын», - деді ректор.
Сөз соңында Жансейіт Түймебаев құрметті меймандарға «ҚазҰУ-дың 100 инновациялық жобалары» атты кітапты сыйға тартты.
Өз кезегінде Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы сыртқы істер кеңсесінің басшысы Сюй Гуйсян жылы қабылдағаны үшін ректорға алғысын білдіріп, серіктестікті дамытуға бағытталған барлық бастамаларды қолдайтынын жеткізді.
Жүздесу соңында қос тарап аталған бастамаларды жоспарлы түрде іске асыруға уағдаласып, естелік сыйлықтармен алмасты.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі