ҚАЗҰУ-ДА ҒЫЛЫМ ЖӘНЕ БІЛІМ САЛАСЫНДАҒЫ ӘЙЕЛДЕР ҚАУЫМЫ БАС ҚОСТЫ
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Фараби кітапханасында ғылым және жоғары білім саласындағы әйелдердің республикалық конференциясы өтті.
Шараға ҚазҰУ-даң Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев, ҚР ҰҒА-ның вице-президенті Зарема Шәукенова, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрайымы Гүлзат Ізбасарқызы, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Басқарма Төрағасы-Ректоры Гүлмира Қанай және оқу ордасының әйел ғалымдары қатысты.
Конференция жұмысын ҚазҰУ басшысы Жансейіт Түймебаев құттықтау сөзбен ашты. Өз сөзінде ректор әйелдер қауымын 8 Наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесімен құттықтап, бүгінгі шараның маңыздылығын атап өтті.
Университеттер елдік және жаһандық мәселелерді шешуге үлес қосуы тиіс. Бұл жолда, әсіресе, әйел ғалымдардың сіңіріп жүрген еңбектері зор. Мемлекет талантты, талапты әйел-аналардың дамуына жан-жақты жағдай жасап келеді. Сондықтан ғылым және жоғары білім саласындағы әйелдердің қоғамдағы рөлін кеңейтіп, ұдайы қолдау көрсетуді біз де жалғастыра береміз.», - деп атап өтті ректор Жансейіт Түймебаев.
Шара барысында Зарема Шәукенова мен Гүлзат Ізбасарқызы және Гүлмира Қанай сөз сөйлеп, ғылымдағы әйелдердің қоғамға тигізер пайдасы туралы баяндама жасады.
Мәселен, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Басқарма Төрағасы-Ректоры Гүлмира Қанай өз сөзінде гендірлік теңдік терминіне ерекше тоқталып, түсініктеме берді.
«Еліміздің саяси өміріне барлық азаматтың тең дәрежеде қатысуын қамтамасыз ету мемлекетте демократия мен еркіндіктің, азаматтық қоғамның қалыптасуына ықпал етеді. Гендерлік теңдік – қоғам дамуының негізі. Гендерлік теңдікті ілгерілетудің негізгі мазмұны әйелдердің ер-адамдармен қатар қоғамдық өмірде, мемлекеттік басқаруда, елге қызметте ерекше үлес қоса алатынын мойындау, оларға үлкен жауапкершілік арту. Елімізде барлық салада әйелдер жемісті, нәтижелі қызмет етіп келеді», - деді Гүлмира Қанай.
Сонымен қатар конференция аясында қатысушылар әйелдер қауымының қоғамдағы рөлі тақырыбында пікір алмасып, өз ойларын ортаға салды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі