8 Наурыз – Халықаралық әйелдер күні құтты болсын!

8 наурыз, 2023

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫТУШЫ ХАНЫМДАР,

ҚЫЗМЕТКЕР АЗАМАТШАЛАР,

БІЛІМ АЛУШЫ ҚЫЗДАР!

 

Сіздерді көктемнің шуақты мерекесі – 8 Наурыз – Халықаралық әйелдер мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! 

 Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Әйелдер қауымының жасампаздық қасиеті мен күш-қуаты жаңа Қазақстанның дамуына септігін тигізеді» деп әйелдер қауымына зор жауапкершілік жүктеген болатын. 

Мемлекет басшысы күні кеше әйел-аналарды мерекемен құттыған сөзінде де «Шын мәнінде әрбір адам үшін анадан ұлы, анадан қымбат ешкім жоқ. Ең қастерлі құндылықтарымыз «Жер-ана», «Отан-ана» ұғымдарымен тығыз байланысты. «Ата ұлды, ана ұлтты тәрбиелейді» дейді. Бұл сөздің айрықша мән-маңызы бар. Ұлт болашағы ұрпақ тәрбиесінен басталады. Әр баланың жетістігі – ана махаббатының жемісі. Ұлы Абай айтқан «толық адамға» тән асыл қасиеттер ұрпақтың бойына ана арқылы дариды. Қазір еліміз дамудың маңызды кезеңіне қадам басты. «Әділетті Қазақстанды» құру үшін ауқымды реформаларды қолға алдық. Ең бастысы, ел ішінде отаншылдық, мемлекетшілдік рух мықты болуы керек. Біз көк байрағымызды биік ұстайтын, білімді, ұлтжанды ұрпақ өсіруіміз керек», – деп атап өтті.

Мемлекет талантты, талапты әйел-аналардың дамуына жан-жақты жағдай жасап келеді.

Бұл ретте Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ғылым және жоғары білім саласындағы әйелдердің қоғамдағы рөлін кеңейтіп,  ұдайы қолдау көрсетуді жалғастыра береді.

Біздің ұжымда әйелдер қауымы оқытушы-профессорлық құрамының 68 пайызын (3055) құрайды.

Оның ішінде 347 ғылым докторы, 572 ғылым кандидаты, 344 PhD докторы, 1 ҚР ҰҒА академигі бар.

Сонымен қатар Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі жұмыс істейді.

Университетіміздің көрнекті ғалымдары, басшылық құрамы, факультет, департамент басшыларының  басым бөлігі ханымдар.

Олардың ішінде биология ғылымдарының докторы, профессо Тамара Минажқызы Шалахметова, филология ғылымдарының докторы, профессор Эленора Дүйсенқызы Сүлейменовафилология ғылымдарының докторы, профессор Ольга Баймұханқызы Алтынбекова, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Күлғазира Нұранқызы Балтабаева, тарих ғылымдарының докторы, профессор Нұржамал Абдразаққызы Алдабек, тарих ғылымдарының докторы, профессор Ләйла Сейсембекқызы Ахметованың еңбегін ерекше атап өткім келеді.

 

ҚҰРМЕТТІ ХАНЫМДАР, ӘРІПТЕСТЕР!

 

Ұрпақ бойындағы асыл қасиеттер ең алдымен ананың ақ сүтімен, мейірім махаббатымен, ұлағатты тәрбиесімен дариды.

Сондықтан сіздерге білім мен ғылым саласындағы  белсенді жұмыстарыңыз және қосып жатқан үлестеріңіз үшін ризашылық білдіріп,  отбасыларыңызға амандық тілеймін!

Мерекелеріңіз құтты болсын!

 

Құрметпен

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық универсиетінің

Басқарма Төрағасы - Ректор Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ