ҚазҰУ Германиямен серіктестігін арттырады
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне Германия Федеративтік Республикасының федералды білім және ғылыми-зерттеулер министрлігінің өкілі Хендрик Мерс бастаған делегация арнайы сапармен келді.
Жүздесуде ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев құрметті қонақтарды университет жетістіктерімен таныстырып, Германия жоғары оқу орындарымен ынтымақтастық барысына тоқталды.
«ҚазҰУ әлемнің жетекші жоғары оқу орындары, институттарымен ынтымақтастық туралы 500-ден астам халықаралық келісімге қол қойған. Соның ішінде 21 келісім Германияның жоғары оқу орындарымен жасалған. ЖОО-мен бірлескен білім беру бағдарламалары және ғылыми-инновациялық жобалар іске асырылуда. Сонымен қатар университеттің студенттері Германияға арнайы барып, жоғары оқу орындарында тағылымдамадан өтуде. Алдағы уақытта серіктестікті одан әрі дамыту қажет. Бірлесіп конференциялар, симпозиумдар өткізу керек», – деді ректор.
Сөз соңында Жансейіт Түймебаев ғылыми-зерттеу бағытында Германияның жоғары оқу орындарымен бірлесіп, ҚазҰУ қалашығында орталық ашуды ұсынды.
Өз кезегінде Хендрик Мерс жылы қабылдағаны үшін университет ректорына ризашылығын білдірді. Сондай-ақ өз сөзінде құрметті қонақ аталған бастамаларды қолдайтынын жеткізді.
«Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ – Қазақстандағы көшбасшы университет. Алдағы уақытта ҚазҰУ-мен тығыз қарым-қатынаста болып, серіктестікті одан әрі арттыруға дайынбыз», – деді профессор Хендрик Мерс.
Тараптар аталған бастамаларды жоспарлы түрде іске асыруға уағдаласып, естелік сыйлықтармен алмасты.
Жүздесуден соң делегация ҚазҰУ ұжымымен және декандармен кездесу өткізіп, ғылым және білім саласында өзара пікір алмасты. Кейін қонақтар ҚазҰУ кампусын аралап, Әл-Фараби мұражайымен танысты.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі