Жігері жалындаған жас әншілер

13 ақпан, 2012

«Ән – көнілді ажары» демекші, адамның рухын көтеретін де, көңілін құлазытатын да және жайнатып жадырататын да ән. Бірінші кезекте әуен жақсы болғанмен, сөз құдіретінсіз әннің бағы жануы тағы да екіталай. Екеуі бір жерден үйлесім тапқаннан кейін ғана ол жүректерге жол тартады…

Университетімізде осындай үйлесімділікті сақтай отырып жалпы қауымның көңілінен шығып жүрген жас әншілер аз емес. Бірақ оларды сахнадан көргенімен көпшілік олар жайлы біле бермейді. Сондықтан да Студенттер клубындағы «Вокал және эстрада» үйірмесінің белсенді мүшелері, жас әншілер туралы сыр тарқатпақпыз.

Сахнада ән айтып, өнерлерін шыңдап жүрген жалынды да жігерлі жас әншілер университет көлемінде өтетін әрбір мерекелік шараның қатысушылары сонымен қатар, қалалық, республикалық деңгейде ұйымдастырылатын байқаулардың жеңімпаздары. Олардың жетекшіcі аймақтық «Жас дәурен» фестивалінің бас жүлдегері, Республикалық «Жас қанат» байқауының, Халықаралық «Жаһан дала» фестивалінің дипломанты – Айниязова Алтын Өтегенқызы. Осындай үлкен белестерді бағындырған Алтын Өтегенқызы қазір университетімізде 150-ден аса жас әншілермен жұмыс жасап, «Бұлақ көрсең – көзін аш» дегендей олардың көпшілігінің үлкен сахналарда ән салуына септігін тигізіп жүр. Енді сол жас әншілер туралы сыр тарқатпақпыз.

ҚазҰУ-дың ерке қыздары

Университетімізде нәзік дауыстарымен де, сымбатты түр-келбеттерімен де өз көрермендерін тамсандырып жүрген ерекше қыздардан құралған «Ерке» тобы да бүгінгі таңда танымал бола бастады. 2009 жылдан құрылған топтың мүшелері 2010 жылы құрамы жаңартылып, бүгінде тұрақты ән айтумен айналысып жүр. Топ құрамы 6 қыздан тұрады. Олар: филология, әдебиеттану және әлем тілдері факультетінің 2-курс студенттері – Әшірәлі Әйгерім мен Тұраш Шынар, Халықаралық қатынастар факультетінің 2-курс студенті – Үсіпбаева Құралай, Заң факультетінің 2-курс студенті – Ембергенова Нұргүл, Журналистика факультетінің 2-курс студенті – Тен Ирина, Физика және физикалық технология факультетінің 3-курс студенті – Канафиева Динара.

«Ерке» тобы негізінен қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде ән айтады. «Еркеледің сен», «На теплоходе» және танымал әлемдік жұлдыз Абба тобының репертуарынан бірнеше әндерді орындайды. Сондай-ақ, соңғы кездері «Қайнар» тобымен бірге «Жанарым» әнін орындап, жастардың көңілінен шығып жүр.

Университет бұлбұлы

«Университет бұлбұлы» атанған Жанекеева Марал – география және табиғатты пайдалану факультетінің 4 курс студенті. Университетке келген алғашқы жылдан-ақ сахнада бұлбұлдай сайраған күміс көмей әншілігіміен танылған жас әнші. Осы уақытқа дейін Маралдың орындауындағы әсем «Қазақ вальсі», «Бұлбұл» әндері көрерменнің көңілінен шықпай қалған кезі жоқ. Ол түрлі конкурстарда жетістіктерге жетіп, факультетіне жалпы университетімізге зор абырой әкелді. 2009 жылы жастар шығармашылығын қолдау мақсатымен ұйымдастырылған Қазақстандағы V Ұлттық жастар Дельфийлік ойындарына қатысып, «Эстрада» номинациясы бойынша «Академиялық ән» номинациясы бойынша жеңімпаз атанды.

Табиғаты ерекше жас жұлдыз

Биология және биотехнология факультетінің 3-курс студенті –Әйтімова Дананың бір ерекшелігі бүгінгі эстрада жұлдыздарының әндерін орындап қана қоймайды, сонымен қатар өзі де ән жазып, авторлық ән шығарумен айналысады. Талабы таудай жас әнші осы мақсатта бірнеше өнер фестивлі мен байқауларына қатынасып жеңімпаз болды. Соның бірі де бірегейі, қалалық және республикалық жас патриоттар фестивалінде «Авторлық ән» номинациясы бойынша – «Біз – Отанның ұланымыз!» атты өзінің авторлық әнімен бас жүлдені жеңіп алды.

Белестерді бағындырған жас әнші

Өрісті өнерімен үлкен белестерді бағындырып жүрген тағы бір жас әнші Утеуова Лаура туралы айтпасақ болмас. Ол – халықаралық қатынастар факультетінің 4-курс студенті. Түрік елінде өткен халықаралық «Талисман удачи» байқауының 2-орын, Мәскеу қаласында өткен «Бегущая по волнам» байқауының 1-орын жүлдегері, Алматы қаласында өткен халықаралық «Бозторғай» фестивалінің лауреаты, Украина, Баку, Мәскеу қаласында өткен Қазақстанның мәдени күндерінің қатысушысы. Шет елдің сахналарында өнер көрсетіп еліміздің абыройын әлемге паш етіп жүрген Лаураның алдағы уақытта да шығар шыңы биік екеніне еш күмәніміз жоқ.

«Елім» деген ер жігіт

«Елім, елім-ай!» деп ән салып жүрген, ер мінезді Әсет Арыстанбек – механика-математика факультетінің 2-курс студенті. Ол 2010 жылы Ұлы Жеңістің 65 жылдығына орай жоғарғы оқу орындары арасында республика көлемінде ұйымдастырылған «Ұлы Жеңіске тағзым» ән байқауында ерекше дауысымен көзге түсті. Нәтижесінде университет өнерпаздары бас жүлдені жеңіп алды. Бұл жеңіске Әсеттің қосқан үлесі зор болды.

2011 жылы қалалық «VIVAT, Қазақстан» байқауында «Отан туралы ән» номинациясының 3-орын иегері атанды.

Студент бола жүріп, өз ортасында жалпы көпшілікке танымал бола бастаған әншілеріміз туралы айта берсек, таусылмас. Алдағы уақытта да осындай өнерлі студенттердің «Студенттік көктем – 2012» көркемөнерпаздар байқауында да көбейетініне сеніміміз мол.

Студенттер клубы