Студенттер белсенділігімен танылады

14 ақпан, 2012

13 ақпандағы ректорат мәжілісінде Елбасының Қазақстан халқына Жолдауында қойылған міндеттер аясында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың клубтық жұмысының дамуы жөнінде тәрбие жұмысы және тіл саясатын ұйымдастырушылық-әдістемелік қамтамасыз ету жөніндегі бөлім бастығы Талғат Әбішевтің баяндамасы тыңдалды.

Онда факультет декандарына, кафедра меңгерушілеріне кафедраның клуб жұмыстарын белсендіру механизмін күшейту барысында олимпиадалар, қызығушылықтары бойынша клубта арнайы тақырыпта басқосу өткізу, ғылыми зерттеулерге қызығушылық тудыратын, студенттерді интеллектуалды-қоғамдық қызметке қосу үшін жағдайлар жасау тұстары тапсырылды. Осы күнге дейін 263 клуб, үйірме және студенттік бірлестіктер тіркеуден өтті. Оның 64-і 2011-2012 оқу жылында құрылды. Университеттегі клубтар, үйірмелер және студенттік бірлестіктердің саны, клуб, үйірме және студенттік бірлестіктерге қатысатын студенттер саны мен “Универ” жүйесінде студенттерін тіркемеген клуб, үйірмелер мен 2011-2012 оқу жылында қатысатын студенттері тұрақты, республикалық, қалалық байқауларда ерекше белсенділік танытқан клубтар аты да аталды. Баяндама соңында кафедраларда клуб жұмысының маңыздылығын ескере отырып, алдағы уақытта кафедралардағы клубтық жүйе жұмысын кеңейтуде бірнеше ұтымды ұсыныстар келтірді. Клуб жұмыс барысында студенттермен Жолдауды жан-жақты талқылау негізінде бірлесе тың идеялармен жаңа бағытта болмақ. Осы орайда әлеуметтік даму жұмысы жөніндегі проректор Ш.Жаманбалаева студенттермен клуб жұмыстарын жақсарту әдістеріне тоқталып, Елбасы Жолдауы негізінде қойылатын талаптар, бағаланатын белгілерін де назардан тыс қалдырмау керектігін айтты.

Мәжілістегі екінші қаралған тақырып мемлекет және құқық институтының ғылыми-ұйымдастыру қызметі жөнінде институт директоры Арон Сәлімгерейдің хабарламасы болды. Онда институттың бүгінге дейін толық жасалған жұмыс нәтижесі турасында ақпарат берілді. Ғылыми-зерттеу жұмыстары, қарастырылатын басым бағыттары, 2012-2014 жж. іске асырылатын жұмыстар жоспарымен таныстырды.

ҚазҰУ ректоры Ғ. Мұтанов пен Орталық Азия бойынша Эберт қорының жетекшісі профессор В. Лапинс арасында Білім және Ғылым саласындағы ынтымақтастық жөніндегі екіжақты келісім-шартқа қол қойылды. Осы орайда, Вульф Лапинс өзінің ізгі тілегін білдіріп, ҚазҰУ талантты студенттерімен мақтан ететін оқу орны деп баға берді.

Мәжілісте БАҚ кадрларының біліктілігін жетілдіру және сертификациялау ұлттық орталығын ашу туралы журналистика факультетінің деканы Есберген Алаухановтың және «ҚазҰУ әйелдері одағының» төрайым қызметіне Баян Жолдасбекованы тағайындау ұсынысы мәжіліс мүшелері тарапынан бірауыздан қолдау тапты.

Осы оқу жылында жақсы қарқынмен қолдау тауып келе жатқан, әрі студенттерге ынталандыру көмек ретінде дәстүрге айналып келе жатқан студенттерге стипендия тағайындау рәсімі біршама білімгерлерді қуантты. Ахмет Жұбановтың атындағы қоғамдық қордың президенті, Алматы ұлттық консерваториясының доценті, композитор Ахмет Жұбановтың немересі Шолпан Жұбанова арнайы шәкіртақыны биология және биотехнология факультеті «Биотехнология» мамандығының 4 курс студенті А. Байымбетоваға берсе, Биология және биотехнология факультетінің түлектер қауымдастығы және «KazEcoSolutions» ЖШС факультет студенттеріне үздік оқығаны және кафедра мен университеттің қоғамдық өміріне белсене қатысқаны үшін 3 шәкіртақы тағайындаған екен. Шәкіртақыларды факультет түлегі, «KazEcoSolutions» ЖШС бас директоры Олжас Дүйсенов академик Майя Шығаева атындағы шәкіртақы биология және биотехнология факультеті «Биотехнология» мамандығының 3 курс студенті Фариза Кариева, «Биология» мамандығының 2 курс студенті Перизат Тілеубекқызы және «Биология» мамандығының 2 курс студенті Ұлболсын Еркінбекке ұсынды.

Алматы қаласының тілдер басқармасы атынан ҚазҰУ-дың бірнеше қызметкерлері ҚР тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында өткізілген іс-шараларға белсене қатысып, мемлекеттік тілді дамытуға зор үлес қосқаны үшін алғыс хатпен марапатталды. Осы ретте барлық стипендия және алғыс хат иегерлерін редакция шын жүректен құттықтайды.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі