Ардагерлер арнайы шақырылды

25 наурыз, 2023

Университет басшылығы ҚазҰУ-да ұзақ жылдар қызмет етіп, зейнеткерлік демалысқа шыққан ғалымдарды және өмірден өткен ардагерлердің жарларын Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесіне арнайы қонақ болуға шақырды. Ардагерлер бұрынғы әріптестерімен қауышып, қара шаңырақта дүбірлеп өткен Наурыз мерекесін бірге тойлады. Оқу орнының басшылығына, әріптестеріне, білім алушыларға ақ тілектерін айтып, бата берді.  

– Мен осы университетте 50 жыл қызмет еттім, қазір зейнеткерлік демалыстамын. 1995 жылы халықаралық қатынастар факультеті ашылып, сонда Шет тілдер кафедрасының меңгерушісі болып 20 жыл істедім. Бүгінгі мерекеге университет ректоры Жансейіт Қансейітұлының арнайы шақыруымен келіп отырмын. Жанымдағы Гүлнәр Кәріпбаева, Мәрияш Макишевалармен бірге халықаралық қатынастар факультетін құрып, қалыптастырдық. Мәрияш Қайдауылқызы доцент, 52 жыл бойы ағылшын тілінен сабақ беріп келеді. Бүгінгі өтіп жатқан шараға өте қуаныштымын, – деді филология ғылымының докторы, профессор, ардагер оқытушы Роза Қайырбаева.

Филология ғылымының кандидаты, ардагер оқытушы Күлзада Сайранбаева да өз пікірін білдірді:

– Бүгінгі Қазақ ұлттық университетінде өтіп жатқан Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесіне ректордың шақыруымен қонақ болып келіп отырмыз. ҚазҰУ бүкіл елімізге кадр дайындайтын іргелі оқу ордасы. Бүгін көшбасшы оқу орны екенін дәлелдеп жатыр. Әрдайым биік деңгейден көріне беруіне тілектеспін. Осы жерде менің өмірлік серігім, филология ғылымының докторы, профессор Талғат Сайранбаев 40 жыл жұмыс істеді. Көп жылдар филология факультетінде кафедра меңгерушісі, декан болып қызмет атқарды. Бүгін сол кісінің абыройы арқасында мерекеге келіп, ҚазҰУ-дың үлкен дастарханынан дәм татып отырмын. Өзім де ғалым-педагогпын, осында қызмет істедім. Наурыз – бұл еңбек мерекесі. Университет басшылығына ризамын, қазіргі ректор Жансейіт Қансейітұлы филология факультетін бітірген, менің жолдасымнан дәріс алған. Қаншама жыл билікте қызмет атқарды, қазір өзінің ұшқан ұясын көркейтуге күш салуда. Қара шаңырақ ҚазҰУ-ымыз өркендей берсін, беделі үстем болсын!

Сондай-ақ Наурыз мерекесіне арнайы келген философия ғылымының докторы, профессор, ардагер оқытушы Мәдина Үсенова да жылы лебізін жеткізді:

– Наурыз мерекесіне жиналған барша қауымды, әріптестерімді Ұлыстың ұлы күнімен құттықтаймын! Осы шаңырақта, философия факультетінде 40 жылдай қызмет еттім. Бұл өмірімдегі ең жақсы жылдар еді. Бүгін өзімнің бұрынғы әріптестеріммен кездесіп, дастархандас болғаныма өте бақыттымын. Бірге қызметтес болған әріптестерім, бүгінгі ардагерлер жыл сайын азайып барады. Бізді ұмытпай кездесуге шақырып, осындай әдемі мереке ұйымдастырғаны үшін университет ректорына ризашылығымды білдіргім келеді. Наурыз – көктем мерекесі, көңілге қуаныш ұялататын мереке. Барлығына мол бақыт, шуақты күндер, табыс тілеймін!

Қайыржан ТӨРЕЖАН