Жанғара ДӘДЕБАЕВ, «Абай» ҒЗИ директоры: Жан дүние өзгеріп, көңіл тазаратын күн
Күн мен түннің теңелген, табиғаттың түлеген кезіне тура келетін шығыс халықтарының ұлы мерекесі – Наурыз мейрамына орай университетіміздегі көрнекті ғалымдардың бірі, әдебиеттанушы, Абай ғылыми-зерттеу институтының директоры, филология ғылымының докторы, профессор Жанғара ДӘДЕБАЕВПЕН әңгімелескен едік.
– Жанғара аға, «Наурыз» сөзінің мағынасы туралы әркім әртүрлі айтып жүр, түп тамыры парсылардан шыққан деген пікірлер бар. Жалпы, әдебиет пен тарих қатар жүреді ғой, әдебиетші ғалым ретінде осы «Наурыз» сөзінің мағынасы туралы не айтасыз?
– Наурыз – халық мейрамы. Ежелгі адамдардан қалған мынадай аңыз бар: Жаратушы дүние-әлемді жаратып болып, оны қозғалысқа түсіреді: жер, жан-жануарлар мен өсімдіктер, аспан әлемі, күн мен ай, жұлдыздар – бәрі алғаш рет қозғалысқа түседі, жаңбыр жауып, су ағады, жер бетіндегілердің бәрі өнеді, өседі. Дүние-әлем қозғалысқа түскен осы сәт уақыт өлшемінің, жаңа жылдың басы, жаңа күн, яғни Наурыз болып есептеледі. Енді бір аңыз бойынша, осы күнді періштелер өте жақсы көреді екен, өйткені олар дәл осы күні жаратылыпты-мыс. Мынадай да аңыз бар: Сүлеймен пайғамбар жүзігін жоғалтып, біраз уақытқа биліктен айырылады, жүзігі табылып, билігі қайтадан жүреді. Сонда оған бағынышты әлемнің патшалары түгел келіп: «Наурыз амад», – деп құрметтерін білдіріпті. «Наурыз амад» деген «жаңа күн туды» деген мағынаны білдіреді екен. Уақытты есептеу, жыл санау, жылнама жүргізу осы күннен басталыпты. «Наурыз» сөзі парсыша «жаңа күн, жаңа жылдың басы» деген мағынаны білдіреді.
– Наурыз мейрамына байланысты бүгінде дәстүрге айналған қандай аңыздар бар?
– Наурызда жасалатын дәстүрлі әдеттердің бірінің тууы туралы мынадай әңгіме сақталған: Сүлеймен пайғамбар өзін бір жерге апару туралы желге бұйрық беріпті. Сонда қарлығаш оған: «О, құдіретті патшам, сен жүрер жолда менің ұям тұр, онда жұмыртқаларым бар. Сен оларды басып кетпей, бұрылып жүр», – депті. Сүлеймен пайғамбар қарлығаштың тілегін қабыл алып, қарлығаштың ұясын айналып өтеді. Сүлеймен пайғамбар халқының алдына шығып отырғанда, қарлығаш ұрттап алып келген бір тамшы суды Сүлеймен пайғамбардың алдындағы жерге бүркіп, оған шегірткенің бір санын сыйға тартады. Адамдардың Наурызда жерге су бүркіп, бір-біріне сый тартуы осыдан қалған деседі. Оның негізінде жердің өнімі мол болсын, жан біткен бір-біріне мейірімді болсын деген мән бар.
Ертеде ауылдың ер адамдары таң атпастан тұрып, далаға шығып, үйлерін үш айналып есіктерін қаққан. Үй ішіндегілер: «Кімсің? Неғып келдің?» – деп сұраған. Есік қағып тұрған адам: «Құт-береке, бақ-дәулет алып келдім», – деп жауап берген. Ол үйге кіргенде, үй ішіне астықтың дәнін шашқан. Наурыз күні көпшілік ұлы кісіден, жасы үлкендерден бата алған.
– Наурыз мейрамының игілікке бастайтын тәлім-тәрбиелік жағы, мән-мағынасы жайында айта кетсеңіз.
– Наурыз мейрамының шығу тегі қазақ халқының дәстүрлі дүниетанымында өте ерте замандарда қалыптасқан ұлттық, жалпыхалықтық рухани асыл қасиеттермен сабақтас. Наурыз айының ортасында көктемнің хабаршысы болып ұзақ-қарға келеді. Бұл – «сал-хамалдың» (жаңа жылдың) басы. Қыс пен жаздың теңесуі, күн мен түннің көктемгі теңесуі наурыздың 22-жұлдызына сәйкес келеді. Қазақ халқы осы күнді жаңа жылдың басы, Ұлыстың ұлы күні деп білген. Онда күнтізбелік жылдың басы деген мағына ғана емес, ең бастысы – жаңарудың, арылудың, тазарудың, жаңарып, арылып, тазарып келіп, өніп-өсудің басы деген мағына бар. Соған орай, ислам мәдениетінің кеңістігінде Наурыз мейрамымен байланысты салт-дәстүр барша жұрттың аса ардақты, өмірлік мәні терең, қасиетті құндылығына айналды.
22 наурыз – біз үшін Ұлыстың ұлы күні, Наурыз мейрамы болса, 21 наурыз – Халықаралық Наурыз күні мейрамы. Ұлыстың ұлы күні биыл сәрсенбі күніне сәйкес келді. Халықтың дәстүрлі танымы бойынша Наурыз сәрсенбі күні келсе, мемлекет басшылары ел үшін игілікті істер істейді. Жаңбыр ерте жауады. Астық мол болады. Шыбын-шіркей көбейеді.
– Наурызда адамның қандай қасиеттері жоғары бағаланады?
– Адам баласының ақыл-ой қуаты өте зор. Бірақ оның болмысында нәзік бір қасиет бар. Ол қасиет – адамның Жаратушысынан өзіне, ел-жұртына игілік, ізгілік, құт-береке тілеуінде. Адам Жаратушы иесінен игілік, ізгілік, құт-береке тілемей тұра алмайды. Жаратушының адам баласын жарылқауы қиын емес. Бірақ өзінен игілік, ізгілік, құт-береке тілеген пендесіне Жаратушының қоятын шарты бар: адам Наурызда өзіне, бір-біріне, ел-жұртына Жаратушысынан игілік, ізгілік, құт-береке тілегенде көңілі мен ниеті, ойы сүттен ақ, судан таза қалыпта күндей балқып, гүлдей жайнап тұруы шарт. Адамзат қана емес, бар жаратылыс осындай қалыпқа түсетін Ұлыстың ұлы күні қара тастан басқаның бәрі жадырайды. Тіпті Самарқанның көк тасы да бір сәт балқып тұрады. Сол сәтте оған пышақ ұрса, пышақ тасқа бойлап енеді, бірақ оны қайта суырып алғанша тас бұрынғы қалпына келеді. Наурыз күні қара тастың өзі балқығанда адамдардың бір-біріне деген өкпе-назынан арылып, табиғатпен бірге өзі де елжіреп, бір-біріне, ел-жұртына ізгілік, жақсылық тілеуі – адамның адамдық абзал қасиеттері. Наурызда адамның осындай қасиеттері жоғары бағаланады.
Наурыз мейрамындағы қасиетті құндылық – адамдардың өз көңілінде өткеннен қалған кірбіңнен, өкпе-реніштен толық тазарып арылуы, «Ұлыс оң болсын! Ақ мол болсын!» деп, бір-біріне жақсылық, құт-береке тілеп, ақ ниетпен жүздесуі, құшақ жайып қауышуы. Наурыз – жалпыхалықтық мейрам. Жалпыхалықтық мейрамда жұрттың бәрінің бір үміт, бір тілекпен өзара бір-біріне құт-береке, ырыс, жақсылық тілеуінің өзіндік ерекше шаттығы, қуанышы болады. Адамның мұндай шаттығы, мұндай қуанышы басқалармен бөліскен сайын нұрдай тасып көбейеді. Адамдар Наурыз күні қуанышын басқалармен шын жүректен шат-шадыман болып, айналасына күн көзіндей елжіреп бөліспесе, қуанған ғұрлы болмайды.
– Адамдардың ізгі қалпының жыл бойы сақталуы үшін олардың Наурыз күнгі арылып-тазаруы, өзіне де, өзгелерге де жақсылық, құт-береке, ырыс тілеуі жеткілікті бола ма?
– Ең бастысы – адамдардың Наурыз күні арылып, тазарып, бір-біріне, ел-жұртқа жақсылық, құт-береке, ырыс, ынтымақ пен бірлік тілеуі, өзіне, өзгелерге, ел-жұртқа игілікті ізгі іс істеуге ниет етуі. Адамдар осымен тынып қалмай, әр күні болмаса аптасына бір, тіпті болмағанда айына бір рет Наурызда өзі ниет еткен игі істерді қалай, қаншалықты орындағанын, нені орындай алмағанын, енді не істемек ойы барын сарапқа салып, өзінен-өзі есеп алуы, орындамағанын орындауға талпынуы, өзіне-өзі міндет артуы шарт.
– Наурыз – түлеу, жаңғыру мейрамы. Мереке күні көңіліндегі кірбіңнен тазармаған, өзгеге жаман ниетпен, іштарлықпен қарайтын жандардың болуы мүмкін ғой, бұл қаншалықты күнә болып саналады?
– Өмірде ондай адамдардың болуы ықтимал. Өзгенің бойындағы асыл қасиетті көре алмайтын, оған дұшпандық жасайтын, оқ ататын, жамандық тілейтін адамдардан қоғам тазарып болған жоқ. Бірақ біздің университет қалашығында ондай адам жоқ деп ойлаймын. Наурызды мерекелеу барысында ондай адам болуға тиіс емес. Наурыздың халықтық, ұлттық мейрам ретінде туып, қалыптасуының, жалғасуының мәнісі – адамдардың Ұлыстың ұлы күнінде тазарып, жамандықтан арылып, өзіне, өзгелерге, жалпы ел-жұртқа, халыққа ізгі ниетпен жақсылық, құт-береке, ырыс, ынтымақ пен бірлік тілеуінде.
– Көктем мейрамын неден және қалай бастаған дұрыс, бұл туралы арнайы жазылған, сақталған қағидалар бар ма? Мысалы, ел аузындағы кейбір нанымдар бойынша адамдар елең-алаңнан тұрып, күн шұғыласына маңдайын сүйгізуі керек екен...
– Ол да дұрыс шығар. Парсы жұртының байырғы дәстүрі бойынша Наурыз мейрамы күні кісі таңертеңгісін ешкімге тіл қатпай тұрып, бал татуы керек, сонда ол жыл бойы қауіп-қатерден, бәле-жаладан аман болады, құт-берекесі артады деген сенім-наным бар. Қазақ халқының дәстүрлі танымы бойынша кісі таңертеңгісін тұрып, Жаратқан иесіне құлшылық қылып, ізгі тілек тілейді, содан кейін ақтан дәм татады. Наурыз күні таң атқанда күннің арайы жерге өте жақыннан көрінеді. Оны көрген жанға құт қонады.
– Наурыздағы мейрам дастарханының мәзірі қандай болуы тиіс?
– Наурыздағы дастархан байлығы жайында ертеден қалған дерек көздерінде мынадай мәліметтер кездеседі: Наурыз күні шығыс адамдары үшін дәу табаққа салынған жеті түрлі жеміс-жидек дастарханның көркі болған немесе дастарханда үйдің құт-берекесін кіргізетін астың жеті түрі үйме табақ болып тұрған. Қазақ ауылдарында наурызкөже пісіру кеңінен таралған. Наурызкөже – халықтың негізгі кәсібінің, мал, егін шаруашылығы өнімдерінің жеті түрін қосып, қазан толтырып пісірген дәмді ас. Наурыз дастарханы жаңа жылда болатын молшылықтың, құт-берекенің, ырыстың жоралғысындай болып жеті түрлі ас-тағамға толып тұрған. Халықтың жыл бойғы еңбегінің өнімді, берекелі, игілікті болуын осылайша ақ көңілмен тілеуінің өзінде өмірлік маңызы, үлкен мән бар.
– Наурыз күнгі мереке ойын-сауыққа, ұлттық, спорттық ойындарға ұласатыны белгілі, бұл күні адамдар қандай үлгіде киініп шығуы керек?
– Мейрам күні адамдардың жанының да, тәнінің де, киімінің де тазалығы, жарасымдылығы аса маңызды. Ұлттық тағам, ұлттық таным, ұлттық киім, ұлттық салт-дәстүр, ұлттық өнер өзара өңкей келісіммен жарасқанда ұлттық мейрам мазмұнды, мағыналы, тағылымды болмақ. Халық Наурыз күні өздерінің ізгі тілектерін ұлттық өнер түрлері арқылы жарқыратып шырқаған. Ән, күй, ақындық айтыс, ұлттық ойын түр-түрімен жарыса жарасып, Наурыздың сән-салтанатын арттырған. Бұл өнер түрлерінің бәрі Наурыздың басты құндылығын – адамдардың бір-біріне, айналасына, ел-жұртқа құт-береке, ырыс, ынтымақ пен бірлік тілеген ізгі ниетін паш ететін болған.
– Жанғара аға, ежелден келе жатқан әлемдік әдебиетте Наурыз туралы айтылған ойлар, кейінгі ұрпаққа үлгі, нұсқау болатындай көптеген мәліметтер сақталған шығар?
– Иә, Наурыз туралы айтылған ойлардың негізі әдебиет ескерткіштерінде көптеп сақталған. Әбу Райхан Бируни, Омар Һаям, Махмұд Қашқари, тіпті Әбілқасым Фирдоусидің «Шахнамасында» Наурыз жайында мол мәліметтер бар. Қазақ халқының ауыз әдебиетінде Наурыз туралы жырлар өз алдына бөлек жанрлық түр ретінде қалыптасқан. Абайдың айтуына қарағанда, Наурыз – жазғытұрым мейрамы, ел осы күнді «Ұлыстың ұлы күні» дейді екен. Абай «Жазғытұры» өлеңінде Наурызға кеңінен сипаттама берген. Бүгінде Наурыз туралы ғылыми және публицистикалық еңбектер, әдеби шығармалар қоры жыл сайын көбейіп келеді.
– Наурыз мейрамында ұлттық университеттің ұжымына, білім алушы жастарға қандай бата, тілек айтар едіңіз?
– Ұлы мәртебелі ұлттық университеттің ұлағатты ұжымы, білім алушы жастар! Ұлыстың ұлы күні құтты болсын! Ұлыс оң болсын! Ақ мол болсын! Сіздерге, жанұяларыңызға, туған-туыстарыңызға, ел-жұртыңызға құт-береке, ырыс, ынтымақ пен бірлік тілеймін! Абыройларыңыз арта берсін!
– Айтқаныңыз келсін, аға! Берген батаңызға, ұлағатты әңгімеңізге көп рақмет!
Сұхбаттасқан
Қайыржан ТӨРЕЖАН