ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ ҚАЗҰУ-ДЫҢ ПРОЦЕСТІК ИННОВАЦИЯЛАР ОРТАЛЫҒЫН АРАЛАДЫ

8 сәуір, 2023

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға жұмыс сапары аясында ҚР премьер-министрінің орынбасары Алтай Көлгінов ҚазҰУ-дың Процестік инновациялар орталығының жұмысымен танысты.


Жұмыс тобы құрамында ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова және өзге де лауазымды тұлғалар бар.

Орталық директоры Әмірхан Темірбаев инжиниринг және жоғары технологиялар кластері мен Жерді қашықтықтан зондтау орталығының қызметі туралы баяндап, инновациялық жобаларға тоқталды.

Вице-премьер Алтай Көлгіновке университет қабырғасында дайындалған "Al-Farabi-1” және “Al-Farabi-2” наноспутниктері туралы ақпарат берілді. Сонымен қатар білім беру мекемелерінде ғарыштық робототехника мен STEM білім беру жүйесін дамытуға арналған "ALFASAT" инновациялық конструкторы көрсетілді.

Сондай-ақ Алтай Сейдірұлы Жерді қашықтықтан зондтау орталығының жұмысымен танысты. ҚазҰУ-дың Жерді қашықтықтан зондтау орталығында геоақпараттық жүйелер және ғарыштық суреттер негізінде әртүрлі салаларға арналған геоөнімдер дайындалады. Алынған мәліметтерді қолдану арқылы түрлі талдау жұмыстары жүргізіледі. Бұл жүйе ел экономикасының көптеген салаларына едәуір өзгерістер әкелуге таптырмайтын тәсіл. Мәселен, ауыл шаруашылығы, құрылыс, төтенше жағдайлар, экология, қоршаған ортаны қорғау және жүк тасымалы секілді салалар үшін аса тиімді. Әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті болуға осындай инновациялық өнімдер тікелей жол ашады.

 Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі