ҚазҰУ-да жас ғалымдар көрмесі өтті

11 сәуір, 2023

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Ғылым апталығы аясында студенттік бизнес-инкубаторлардың инновациялық жобалар көрмесі өтті. Онда факультет білім алушыларының табысты ғылыми әзірлемелері мен студенттік стартаптар таныстырылды.  

 Шараның мақсаты – университеттегі жас ғалымдардың инновациялық жобаларын көпшілікке кеңінен таныстыру.


       Студенттік бизнес-инкубаторлардың инновациялық жобаларын Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев, «Tanmedia Group» директорлар кеңесінің төрағасы, ҚазҰУ Директорлар кеңесінің мүшесі Арманжан Байтасов, Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығының президенті Арман Қашқынбеков, оқу ордасының оқытушы-профессорлар құрамы мен білім алушы жастары тамашалады.

     Көрмеде ҚазҰУ-дың филология факультетінің өнертапқыштары «Қазақ тіліндегі ең ауқымды тұңғыш онлайн омонимдер сөздігі» атты жобасын ұсынды. Жобаның мақсаты – қазақ тіліндегі омоним сөздердің қолданысын кеңейту және оқырмандар үшін қызмет көрсету әдісін жеңілдету. Авторлардың айтуынша, жоба сайт арқылы жүзеге асады. Кез келген адам сайтта қазақ тіліндегі бір сөзді жазу арқылы оның қай сөз табына жататынын, мағынасын және мазмұнын біле алады. Алдағы уақытта жоба авторлары қазақ тіліндегі омоним сөздерді орыс және ағылшын тілдеріне аударуды жоспарлап отыр.

      Жас ғалымдар көрмесінде физика-техникалық факультетінің 1-курс студенті Мұрат Елеусінов өзінің көлік жүргізушілеріне арналған ғылыми жобасын таныстырды. Жас ғалым алыс жолға шыққан жүргізушілер үшін арнайы дыбыстық сигналы орнатылған көзілдірік дайындаған. Егер жүргізуші жол үстінде ұйықтап кетсе, 2 секундтан кейін дыбыстық жүйе арқылы сигнал ойнайды. Жоба авторы өз сөзінде көзілдірік жол апатының алдын алуға сеп болатынын жеткізді.

       Сондай-ақ жас ғалымдар «Пилотсыз жерүсті көлік құралы» жобасын ұсынды. Бұл көлікті төтенше жағдай орын алғанда және әскери мақсатта пайдалануға болады. Көлікте типловизор, қорғаныш блогы, дыбыстық жүйе, жарық диодтары, бейнекамера орнатылған. Жер сілкінісі болған жағдайда үйінді астында қалған адамдарды типловизор арқылы табады. Ал қыс мезгілінде бейнекамералар арқылы Қызыл кітапқа енген аңдарды іздеуге және көруге мүмкіндік бар. Бұл көліктің басты артықшылығы – жол талғамайды және қоршаған ортаға зияны жоқ.



          Көрмеде барлығы 20-ға жуық ғылыми әзірлемелер мен инновациялық жобалар қойылды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі