ҚазҰУ-да Бейбарыс сұлтанның 800 жылдығына арналған конференция өтті
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Ғылым апталығы аясында «Мұсылмандық Мысыр билеушісі: Қыпшақ текті Бейбарыс сұлтан және оның заманы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Іс-шара Мысырда мәмлүктер мемлекетінің негізін қалаған Дешті Қыпшақ даласының атақты перзенті Бейбарыс сұлтанның туғанына 800 жыл толуына орай ұйымдастырылды.
Негізгі мақсат – Бейбарыс сұлтан туралы соңғы мәліметтерді зерттеп, оның мұрасын өскелең ұрпақ арасында кеңінен насихаттау.
Тағылымды шараға ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев, Қазақстанның Ливан Республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі Расул Жұмалы, Қазақстанның Израильдегі төтенше және өкілетті елшісі Сатыбалды Бұршақов, Сирияның Қазақстандағы құрметті консулы Самир Дерех, Дамаск университетінің профессоры Муаффақ Дуғмаан, мемлекеттік мекемелер мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері, Қазақстан және шет мемлекеттердің тарихшылары, оқу ордасының оқытушы-профессорлар құрамы мен білім алушы жастар қатысты.
Конференцияны Жансейіт Түймебаев құттықтау сөзбен ашып, Бейбарыс сұлтан түркі халқының шоқтығы биік ұлы тұлғаларының бірі екенін атап өтті. Сондай-ақ өз сөзінде ректор осындай конференцияларды өткізудің аса маңызды екеніне тоқтала келіп, жастар үшін ғибрат екенін жеткізді.
«Сұлтан Бейбарыс Мәмлүк сұлтандығын басқарып, Мысыр тарихында ерекше із қалдырды. Қасиетті ислам қалалары Мекке мен Мединаның қамқоршысы болды. Қазіргі таңда біздің университет ғалымдары «Ватикан материалдары мен батыстың тарихи-мұрағат деректері бойынша Еуразияның түркі әлемі» жобасымен зерттеу жүргізіп жатыр. Ватикан, Франция, Германия елдеріндегі Қыпшақ даласынан шыққан Бейбарыс бабамыз сияқты ұлы тұлғаларға қатысты деректер жинайды. Ватикан, Франция, Мысыр, Сирия мемлекеттеріндегі Бейбарыс сұлтанға қатысты ғылыми айналымға енбеген дереккөздерді талдау және ғылыми айналымға енгізу мақсатын жоспарлап отыр. Түрік, араб ғалымдарымен бірлесе отырып, халықаралық жобаларды іске асырады. Бүгінгі халықаралық конференция өткен тарихымызға жаңа көзқарас қалыптастыруға жол ашады деп ойлаймын», – деді ректор.
Өз кезегінде Сирияның Қазақстандағы құрметті консулы Самир Дерех Бейбарыс сұлтанның тарихта дана басшы, көрнекті қолбасшы ретінде өшпес із қалдырғанын жеткізді.
«Қазақстанның Бейбарыс сұлтанның 800 жылдығын жоғары деңгейде атап өту туралы шешімі игі бастама. Бейбарыс сұлтанның өмірбаяны Дешті Қыпшақпен немесе қазақ даласымен тығыз байланысты. Ол ислам өркениетін қорғауға зор үлес қосқан көрнекті тұлға», – деді консул.
Шара барысында қатысушылар сұлтан Бейбарыс туралы шығыс және батыс деректері мен зерттеулер, халықаралық қатынасы, Алтын Ордамен байланысы, Бейбарыс сұлтанның тарихтағы орны, оның дипломатиясы, қазіргі жастарға үлгі боларлық тұлғалық келбеті тақырыптарында баяндама жасап, өз ойларын ортаға салды.
Конференция жұмысы ары қарай панельдік секцияларға жалғасты.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі