Қазақстанда циркулярлық экономиканы дамыту мәселелері бойынша воркшоп өткізілді

13 сәуір, 2023

12 сәуір 2023 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Экономика және бизнес жоғары мектебі ұйымдастырған «Жаһандық өзгерістер жағдайындағы тұрақты экономикалық даму парадигмасы: сын-қатерлер, салдар, мүмкіндіктер» атты Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясының аясында «Қазақстандағы циркулярлы экономиканы дамытудың өзекті мәселелері» атты воркшоп өтті.

Воркшоп барысында  циркулярлы экономика, климаттың өзгеруі, қалдықтарды сұрыптау, және әлеуметтік жауапкершілік сияқты тақырыптар бойынша құнды талқылаулар өткізілді және білім алмасуға мүмкіндік болды.

Циркулярлы экономика – ресурстарды пайдалануды оңтайландыруға және қалдықтарды барынша азайтуға ұмтылатын экономикалық модель. Ол қайта қалпына келетін экономикалық жүйені құруды мақсат етіп, тұрақтылық пен айналмалылық принциптеріне негізделеді.

Воркшоп спикерлері ЭжБЖМ деканының орынбасары, PhD, доцент Жидебекқызы Ақнұр, докторант Амангельдиева Бірғаным Асқарқызы, PhD, постдокторант Темербулатова Жансая Сериковна, PhD, ҚР ҒжЖБМ ҒК Экономика институтының Заманауи зерттеу әдістері бөлімінің меңгерушісі Молдабекова Айсұлу Тұрсынбайқызы және арнайы шақырылған эксперт, эколог, Алматы қаласындағы «Recycle BIRGE» экологиялық қоғамдық қозғалысының тең құрылтайшысы Сайлаубекова Пәкизат Нұрсұлтанқызы өз білімдерімен және тәжірибелерімен бөлісті.

🔹 Бұл зерттеуді Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Ғылым комитеті (Грант №AP09259851) қаржыландырды.