"Дала мен қала" республикалық қоғамдық-саяси басылым
ҚҰҚЫҚТЫҚ ЖУРНАЛИСТИКА: САУАТТЫЛЫҚ ПЕН МӘДЕНИЕТ
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да құқықтық журналистиканың бүгінгі күнгі маңызды мәселелерін талқылаған жиын өтті. Басқосуға еліміздің Жоғары сотының төрағасы Бектас Бекназаров арнайы келді.
«Құқықтық журналистиканың даму бағыттары» деген тақырыпты арқау қылған талқы отырыста – бұқаралық ақпарат құралдарында құқық, сот тақырыптарына сауатты қалам тартатын қарымды журналистердің азайып бара жатқандығы сөз болды. Жиынға сонымен қатар Санкт-Петербург университеті журналистика факультетінің профессоры Г.Мельник, Санкт-Петербург криминологтар клубының президенті Д.Шестаков, Алматыдағы бұқаралық ақпарат құралдарының басшылары мен заңгерлері және студенттер қатысып, өз ой-пікірлерін ортаға салды. Ал кездесудің шымылдығын университет ректоры, академик Ғалымқайыр Мұтанов кіріспе сөзбен ашып, қазіргі кезде құқықтық журналистиканың өзекті мәселе екендігіне тоқталып өтті. Өз кезегінде, бүгінгі күні соттар мен журналистердің мақсаты бір екендігін қадап айтқан Бас судья: «Иә, Конституцияда жазылмаса да қоғамда «журналистика – төртінші билік» деген ұғым қалыптасқан. Журналистер қоғамдық сананы қалыптастырып, қоғамдық ой тудырады. Оларға жүктелер жүк ауыр. Нақ мұндай билік, бізге де, үшінші мемлекеттік билік – соттарға да тән», – деді.
Жиында, сот процестерін баспасөз беттерінде жариялау мәселесі кеңінен сөз болды. Журналистердің көпшілігі құқықтық салаға қатысты мәселе көтергенде эмоцияға беріліп, соның кесірінен ақпарат халыққа бұрмаланып жетуі әбден мүмкін. Осы жайтты баса көтерген Бектас Бекназаровқа студенттер тарапынан «жас журналистер сот органдарына барып тәжірибеден өтсе жөн болар еді» деген ұсыныс айтты. Бұл жағынан құқықтық салада хабар тарататын журналистерді жеке дайындау керектігі де айтылды. Ұсынысты Жоғары сот төрағасы бірден құптап, бұл тұрғыда облыстық және қалалық соттардың төрағаларына тапсырма беретінін жеткізді.