Ғылыми тағылымдамаға ғылыми және кәсіби құзыреттіліктерді мақсатты түрде жетілдіру және ғылыми білімді тереңдету жатады. Сондай-ақ зерттеу дағдыларын жетілдіріп, тәуелсіз ғылыми зерттеулерді орындайды.
Шетелдік жетекші университеттердің немесе ғылыми орталықтардың бірінде ғылыми тағылымдамадан өту докторанттардың ғылыми-зерттеу жұмыстарының міндетті құрамдас бөлігі екені көпшілікке аян. Ғылыми тағылымдамадан өту кезеңінде қалыптасатын құзыреттер конструктивті, коммуникативті және зерттеушілік дағдыларды атап өту маңызды.
Жылда ҚазҰУ-дың бакалаврлары, магистранттар мен докторанттары Quacquarelli Symonds World University Rankings (QS WUR) халықаралық рейтингі бойынша жүздікке кіретін университеттерде ғылыми тағылымдамадан өтеді.
Химия және химиялық технология факультетінің Аналитикалық, коллоидтық химия және сирек элементтер технологиясы кафедрасы 8D05301 – ХИ мамандығының 3-курс докторанттары Гүлжан Ерлан мен Әйгерім Ермағамбетова ҚР БҒМ PhD докторанттарды даярлау бағдарламасы бойынша ғылыми тағылымдамадан өтті. Гүлжан Ерлан Ратгерс университетінде (Нью-Джерси штаты, АҚШ) экологиялық және биологиялық ғылымдар факультетінің Тамақтану ғылымдары кафедрасының профессоры П.Тахистовтың жетекшілігімен, ал Әйгерім Ермағамбетова Италиядағы Генуя университетінің Информатика, биоинженерия, робототехника және жүйелік инженерия кафедрасында профессор Лаура Пасториноның жетекшілігімен ғылыми-зерттеу тағылымдамасынан екі ай мерзімде өтіп келді.
Тағылымдамадан өту барысында PhD докторанттар ғылыми-зерттеу жұмысын заманауи аспаптық талдаудың озық әдістерін қолдана отырып жоғары дәрежеде орындады. Қазір докторанттар зерттеу нәтижелері бойынша профессор П.Тахистов және профессор Л.Пасториномен бірлесе отырып, рейтингі жоғары журналдарда жариялау үшін мақалалар дайындауда. Біздің білім алушыларға, ізденушілерге осындай қолдау көрсетіп, жағдай жасап отырғаны үшін университетімізге алғысымыз шексіз.
Бақыт ТҮСІПОВА,
химия және химиялық технология факультетінің
қауымдастырылған профессоры, х.ғ.к.