"Қазақпарат" Ұлттық ақпарат агенттігі

21 ақпан, 2012

11 Ақпан 2012, 14:16

Алматыда ауған жастары Мұқағали өлеңдерін мәнерлеп оқудан жарысқа түседі

АЛМАТЫ. 11 ақпан. ҚазАқпарат - Алматыда 17 ақпанда Мұқағали Мақатаевтың туған күніне арналған «Мен өмірге жырлау үшін келгенмін» деп аталатын жыр мүшәйрасы өтеді. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультетінде өтетін бұл шараны Сағат Әшімбаев атындағы «Парасат» жас әдебиетшілер клубы ұйымдастырып отыр.

«Біз бұл жыр мүшәйрасын дәстүрлі түрде биыл үшінші рет ұйымдастырып отырмыз. Мақсат - факультетте білім алып жатқан шетелдік студенттерге ақын өлеңдерін насихаттау және олардың қазақтың тілі мен өнеріне деген құлшыныстарын ояту. Онда биыл қазақ тілін үйренгендеріне төрт ай болған Ауған Ислам Республикасынан келген студенттер Мұқағали өлеңдерін мәнерлеп оқудан жарысқа түседі», - дейді Сағат Әшімбаев атындағы «Парасат» жас әдебиетшілер клубының жетекшісі Жібек Ибрагимова.

Оның айтуынша, онда қазақ диаспорасы өкілдері, Алматы қаласындағы жоғары оқу орындарының студенттері, ақын өнерін құрметтейтін өзге де талантты жастар қатысып, өз өнерлерін ортаға салады. Жалпы Мұқағали поэзияның жанашыры болып, жыл сайын ақынның туған күніне орайластырып арнайы жыр мүшәйрасын өткізіп жүрген бұл клубтың құрылғанына да биыл 3 жыл толып отыр.