Қазақ философиясын дамытудағы еңбегі елеулі
Ғылым саласында ұзақ жылдан бері қызмет етіп келе жатқан ұстаз, философия ғылымының докторы, университетіміздегі Философия кафедрасының профессоры, Әл-Фараби халықаралық орталығының ғылыми кеңесшісі, көрнекті фарабитанушы Жақыпбек Алтаевтың есімі көпшілік қауымға етене таныс.
Ұстазымыз алғашқы жоғары білімді сол кезеңдегі ең үздік жоғары оқу орындарының бірі – В.И.Ленин атындағы Ташкент мемлекеттік университетінен алады. 1972 жылы аталған университеттің философия-экономика факультетінің философия бөлімін тамамдаған. 1982 жылы «Философиялық дәптерлер» еңбегіндегі диалектикалық идеялар» тақырыбында кандидаттық диссертациясын қорғап, 1997 жылы «Қазақ философиясының қалыптасу тарихы» тақырыбында докторлық диссертация қорғаған. Өмірінің 50 жылға жуық уақытын ғылыми-педагогикалық қызметке арнаған профессор Жақыпбек Алтайұлы Қазақ ұлттық университеті Философия кафедрасында 1985 жылдан доцент, 1998 жылдан профессор лауазымын атқарып, көптеген шәкірттер тәрбиеледі.
Жақыпбек Алтайұлы 2003-2013 жылдар аралығында ҚазҰУ-дың философия және саясаттану факультеті Философия кафедрасының меңгерушісі болды. Оның жетекшілігімен Философия кафедрасы философия мамандығынан мемлекеттік стандартты және философиялық пәндерден типтік бағдарламалар жасаудың, сондай-ақ философиялық білім берудің еліміздегі іргелі ғылыми-әдістемелік орталығына айналды. ТМД және алыс шетелдегі ғылыми орталықтар және университеттермен ғылыми-зерттеу саласындағы ынтымақтастықты жолға қоюда да көптеген іргелі шаралар атқарды. Жақыпбек Алтайұлы 2008 жылы ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Ғылымды дамытуға қосқан үлесі үшін» медалімен, 2018 жылы ҚазҰУ-дың «Әл-Фараби» алтын медалімен марапатталды. 2008-2020 жылдары ҚазҰУ-дың Әл-Фараби ғылыми-зерттеу орталығын басқарды. Осы аралықта Ж.Алтаев жетекшілік еткен ғалымдар тобы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің іргелі зерттеулерді гранттық қаржыландыруы аясында «Әл-Фараби және қазақ халқының рухани мәдениеті» (2009-2011 жж.), «Түркілердің әлемдік өркениетке қосқан үлесі: әлеуметтік-философиялық аспектілері (2012-2014 жж.), «Заманауи әлемдік және қазақстандық мәдениеттің дамуындағы әл-Фараби мұрасы» (2015-2017 жж.) жобаларын табысты жүзеге асырды. Ж.Алтаев 2010 жылы ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде өткен халықаралық дөңгелек үстел мәжілісі жұмысының негізгі ұйымдастырушыларының және басты спикерлерінің бірі болды.
Жақыпбек Алтайұлы бастаған ғалымдар тобының қажырлы еңбегі негізінде 2014-2016 жылдары әл-Фарабидің еңбектерін жарты ғасыр өткен соң қайтадан жарыққа шығару мүмкіндігі іске асты.
Ғалымның жетекшілігімен қазақ философиясы тарихы, мәдениет тарихы мен теориясы, әлеуметтік философияның өзекті мәселелерін зерттейтін ғалымдар мектебі қалыптасып, бүгінде шәкірттері де ғылыми-педагогикалық қызмет етуде. Профессор Ж.Алтаевтың ғылыми жетекшілігімен 30 ғылым кандидаты, 4 ғылым докторы, 7 PhD докторы даярланды.
Профессор Ж.Алтаев 500-ге жуық ғылыми еңбектің, оның ішінде 10 оқулықтың, 17 оқу құралы мен 20-дан астам монографияның, нөлдік емес импакт-факторы бар журналдардағы мақалалардың авторы. Оның еңбектері әлемнің бірнеше тіліне аударылған. Ғалымның «Қазақ философиясы», «Қазақ халқының рухани мұралары», «Әл-Фараби және заманауи Қазақстан философиясы» және т.б. еңбектері ғылыми қауымдастық пен білімгерлер ортасы және қалың оқырманға кеңінен танымал.
2020 жылы өткен әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойын ұйымдастыру жөніндегі мемлекеттік комиссияның мүшесі ретінде Ж.Алтаев әл-Фараби мұрасы мен мирасын зерттеу, насихаттау жұмыстарына да мол үлес қосты. Профессордың ғылыми кеңесшілігімен отандық және шетелдік кинокомпаниялар түсірген бірнеше деректі және анимациялық фильмдер жарық көрді. Әл-Фарабидің философиялық мұрасын зерделеген еңбектері шетелдерде ағылшын, болгар, хорват, румын, босния тілдерінде жарияланды.
2022 жылы ТМД Атқару комитеті ХХХV Мәскеу халықаралық кітап жәрмеңкесі аясында өтетін ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің «Кітап өнері» ХІХ халықаралық байқауында ұстазымыздың жетекшілігімен шыққан «Әл-Фараби және заманауи Қазақстан философиясы» атты ұжымдық монография «Ғылым және білім» номинациясы бойынша ІІІ орынды жеңіп алды. Ғалымның «Дарын» баспасынан «Ортағасырлық түркілік өркениет және әл-Фараби феномені» монографияларымен қоса, «Ислам әлемінің ойшылдары» атты ғылыми сериялық жинақтары жарық көрді.
Шәкірттері профессор Ж.Алтаевтың 75 жылдық мерейтойы аясында «Ұстаз мұрасының ұлағаты» атты библиографиялық көрсеткіш жазып, жарыққа шығарды.
Ұстазымыз Жақыпбек Алтайұлына ұзақ ғұмыр, отбасына амандық тілейміз! Қазақ философиясын дамытудағы еңбегіңіз еленіп, ұлттық ғылымдағы абыройыңыз арта берсін!
Досжан Балабекұлы,
Қанат Алтынбеков,
шәкірттері