"Қазақпарат" Ұлттық ақпарат агенттігі

21 ақпан, 2012

Ауғанстандық студент Мұқағали Мақатаев өлеңдерін жатқа оқудан бірінші орын алды

АЛМАТЫ. 18 ақпан. ҚазАқпарат - Кеше Алматыда «Мен өмірге жырлау үшін келгенмін» деп аталатын жыр мүшәйрасы өтті.

Мұқағали Мақатаевтың туған күніне арналған бұл шараны әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Сағат Әшімбаев атындағы «Парасат» жас әдебиетшілер клубы ұйымдастырған болатын.

Жыр кешінде Қазақ диаспорасы өкілдері мен университеттің Жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультетінде оқитын ауған азаматтары ақын өлеңдерін мәнерлеп оқудан өзара жарысқа түскен еді. Сайыс қорытындысында қазақ диаспорасы өкілдері арасында Сауыт Гүлден - бірінші, Ботагөз Байтақ - екінші, Ербол Айқын - үшінші орын алды. Ал Ауған Ислам Республикасынан келген жастар арасынан Сугут Абдул Халид - бірінші, Азад Малика - екінші, Жойя Али Хан - үшінші орынды иеленді.

«Мүшәйра Жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультетінің тыңдаушысы Әлікен Ерболдың арнау өлеңімен ашылған болатын. Онда факультеттің талантты тыңдаушыларының бірі Гүлбадан Тұрды ақынның өмір жолы туралы баяндап берді. Ал Өнерхан Қуанышхан, Ербол Айқын, Бақытнұр Құнапия сияқты жас талант иелері М. Мақатаев рухына арнаған өз өлеңдерін тебірене оқыды. Сондай-ақ Төлеубек Ернар, Бөтагөз Байтақ, Ербол Айқындардың ақын өлеңдеріне жазылған әндерді орындап көпшілікті тәнтті етті», - дейді Сағат Әшімбаев атындағы «Парасат» жас әдебиетшілер клубының жетекшісі Жібек Ибрагимова.

Ж. Тұңғышбайқызының айтуынша, ширек ғасырлық тарихы бар бұл факультетте негізінен шетелдік жастар білім алады. Қазір онда 150 шетелдік студент оқуда. Ал қазақ тілін, елін, өнерін, мәдениетін, салт-дәстүрін дәріптеуде осыдан 3 жыл бұрын құрылған Сағат Әшімбаев атындағы «Парасат» жас әдебиетшілер клубы бірқатар іс-шараларды жүзеге асыруда. Соның бірі дәстүрлі түрде жыл сайын М. Мақатаевты туған күніне орай ұйымдастырылатын жыр мүшәйрасы болып отыр.

Автор: Ерлік Ержанұлы