"Қазақпарат" Ұлттық ақпарат агенттігі

21 ақпан, 2012

02.02.2012 / 16:52

Алматыда брейн-ринг бойынша қалалық ашық турнир өтеді

АЛМАТЫ. 2 ақпан. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Алматыда 4-5 ақпан күндері брейн-ринг бойынша «Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ашық кубогы» қалалық зияткерлік турнирі болады.

Оны университеттегі студенттердің ғылыми қоғамы ұйымдастырып отыр. Бұл бәсекеге Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ, Т. Рысқұлов атындағы ҚазЭУ, С. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ, Абай атындағы ҚазҰПУ, Т. Жүргенов атындағы ҚазҰӨА, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы, Қазақ-Британ техникалық университеті, Қазақ менеджмент, экономика және болжау институты және басқа да жоғары оқу орындары өз командаларын қоспақ. Онда Алматы қаласындағы оқу ордаларының 16 командасы «А» лигасында, ал өзге 32 команда «Ә» лигасында өнер көрсеткелі отыр.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенттері ғылыми қоғамының төрайымы Гүлмарал Махабiлдің айтуынша, бұл турнирдің мақсаты - дарынды жастарды қолдау, жастардың шығармашылық және зияткерлік дамуына жағдай жасау, талапты жастардың қалыптасуына көмектесу. Зияткерлік шығармашылығының әлеуметтік мәртебесін жоғарылату, олардың қабілеттерін, эрудициясын, логикалық ойлауын дамыту, жастар арасындағы өзара шығармашылық-зияткерлік байланысты жақсарту, сондай-ақ, жастардың зияткерлік қауымдастығын ұйымдастырып, бірлесіп жетілдіру және Алматы қаласындағы жоғары оқу орындарының студенттік ұйымдары арасындағы әріптестікті нығайту.