"Қазақпарат" Ұлттық ақпарат агенттігі
22 Ақпан 2012, 19:27
Алматыда тұңғыш рет студенттер арасында «Алматы халықаралық БҰҰ-2012 моделі» атты халықаралық ойыны өтеді
АЛМАТЫ. 22 ақпан. ҚазАқпарат - Алматыда тұңғыш рет 24 ақпан күні Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Алматы халықаралық БҰҰ-2012 моделі» атты халықаралық студенттер арасындағы ойыны өтеді.
Аталмыш шараны Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың халықаралық қатынастар факультеті БҰҰ-ның қоғамдық ақпарат департаментімен бірлесе отырып, Алматы халықаралық БҰҰ Моделін Қазақстанның БҰҰ-на қабылданғанына 20 жыл толуына орай арнайы өткізбек.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл шара жастардың белсенді азаматтық ұстанымын дамытуға, белгілі коммуникативті дағдыларды қалыптастыруға және студенттің көпшіліктің алдында сөйлеу қабілетін арттыруға көмектесетін оқу факультативті тәжірибелік тренинг.
Шараға Алматы қаласының жоғары оқу орындарының 100-ден астам студенті және Тәжікстаннан, Қытайдан, Оңтүстік Кореядан, Ираннан, Пәкстаннан, Ауғанстаннан, Үндістаннан, Түрікменстаннан келген 15-тен астам шетелдік студент қатысады. Ойын «БҰҰ: XXI ғасыр талаптарына жауап» тақырыбында өтеді. Шара барысында әлемнің сегіз елінің өкілдері 47 елді таныстыратын болады.
Шараға құрметті қонақ ретінде алдыңғы қатарлы қазақстандық, шетелдік саяси және қоғам қайраткерлері шақырылған.
Алматы халықаралық БҰҰ Моделі - Қазақстан Республикасы мен Орталық Азияда ең ірі және ең беделді алғашқы ғаламдық студенттердің жобасы болып табылады.
Авторы Назира ЕЛЕУХАН