ҚазҰУ Маңғыстау облысында кәсіби бағдар өткізді
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма мүшесі – әлеуметтік даму жөніндегі проректоры Нұржан Айдосов Ақтау қаласындағы Ш.Есенов университетінде өткен жоғары білім көрмесіне қатысты.
Көрмеге Маңғыстау облысы мен Ақтау қаласынан 1500 оқушы қатысып, 41 ЖОО өкілі білім беру бағдарламалары бойынша мағлұмат берді.
Жиында ҚазҰУ проректоры Нұржан Сарсынбекұлы сөз алып, өткен жылы Мемлекет басшысының тапсырмасымен Атырау және Маңғыстау облыстары талапкерлеріне кадрлар даярлаудың бірнеше бағыттары бойынша қосымша білім беру гранттары бөлінгенін жеткізді.
«ҚазҰУ бөлінген білім беру бағдарламалары бойынша 110 грантты игерді. Атап айтқанда – «Химия және химиялық технологиялар», «Ақпараттық технологиялар», «Механика және математика», «Қоршаған орта», «Кадастр және жерге орналастыру», «Биология және биотехнология», «Физика» білім беру бағдарламалары. Сондай-ақ ҚазҰУ батыс өңірлерінен келген грант иегерлеріне жан-жақты әлеуметтік қолдау көрсетуде», – деді проректор.
Бұдан бөлек, университетте білім беру гранттары конкурсына қатысу үшін білім беру бағдарламаларының кейбір топтары бойынша Атырау және Маңғыстау облыстарынан келген талапкерлер үшін ҰБТ-ның шекті балдары 65-ке дейін төмендетілген. Шара Маңғыстау облысы мектеп бітіруші түлектеріне кәсіби бағдар беру мақсатында ұйымдастырылды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі