- Басты бет
- Жаңалықтар
- Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті студенттерді ғылыми-зерттеу жобаларын жасауға тарту үшін жақында жеңіп алған 2,4 миллиард теңгелік гранттың 10 пайызын жұмсайды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті студенттерді ғылыми-зерттеу жобаларын жасауға тарту үшін жақында жеңіп алған 2,4 миллиард теңгелік гранттың 10 пайызын жұмсайды
Жоғары оқу орнындағы үлкен сыншы да, атқарылған іске баға беруші де – студент. Білім және ғылым ордасында не үйлеспей жатыр, қандай сұрақ шешімін таппай, нендей мәселелер күн тәртібінде тұр. Бұл тұста студентпен ақылдаса, ұжыммен бірлесе, бір жүйеде жұмыс атқарғанда алар асу мен жетер белес еселене түспек. Мұндай пікірді ерекше назарға алған ҚазҰУ ректоры, академик Ғалым Мұтанов 22 ақпан күні Ө.А. Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайында университеттегі әр факультеттен жиналған екі мыңға жуық белсенді жаспен арнайы кездесіп, студенттер қауымы мен ректор арасындағы ашық сұрақ-жауап диалогын өрбітті.
«Жастармен жүйелі түрде кездесіп тұру керек», - деп сөз алған Ғ. Мұтанов бүгінгі студенттерге әкімшілік жүйе қолданып, міндеттегеннен гөрі, олармен бір дәрежеде тілдесіп, ұсыныстарына көңіл бөлу қажеттігін алға тартып, жастарға сенім артты. Себебі, қара шаңырақ басшысының пайымдауынша, дәл бүгінгі таңда жастар білім ошақтарына жоғары деңгеймен, қалыптасқан дәрежедегі әлеуетпен, биік мәдениетпен келеді. Ендеше, бұл ретте негізгі мәселе олардың болашаққа қандай септігі тиетіндігіне көңіл бөліп, оларға дұрыс бағыт-бағдар беру. Осы орайда ректор университеттегі атқарылып жатқан жұмыстар нәтижесі мен алдағы жоспарлар аясында студенттерге баяндап, олармен пікір алмасты. Кездесуде ректор ҚазҰУ жақында 2,4 миллиард теңге қаржы көлеміндегі грантты жеңіп алғанын, студенттерді ғылыми-зерттеу жобаларын жасауға тарту үшін осы қаржының 10 пайызы жұмсалатындығын жеткізді. Сонымен бірге, университеттегі үздік, белсенді жастарға қолдау таныту қашан да назардан тыс қалмайтынын, бұл ретте оларға жасалынып жатқан әлеуметтік көмек түрлерін саралап өтті. ҚазҰУ-да оқуда озат, әлеуметтік жағдайы төмен студенттерге қолдау ретінде атаулы шәкіртақылар тағайындау саны артып келеді. Ақылы бөлімде үздік оқып жүрген студенттердің төлем ақысына да 25 пайыз жеңілдік қарастырылған. Көшбасшы университет еліміздегі ЖОО арасында бірінші болып компетентті оқытуды қолға алған. Жастарды оқытып, білім-ғылымға баулып қанай қоймай, тәрбелеуге де ерекше назар аударылған. Бизнес инкуваторды қалыптастыруға барлық жағдай қарастырылған. Мұнда куратор-эдвайзерлар институты құрылған. Бұл да отандық білім саласындағы алғашқы бастама. Куратор-эдвайзер студенттің – тәрбиешісі, сырласы, қамқоршысы, бағыттаушысы.
Басшылықтың өзі бастап студенттерге зор қолдау танытып отырған тұста, олардың да шығармашылығы артып, тың идеяға толы жобаларды дүниеге әкелуге, еркін ойлауға және пікірін ашық білдіріп, әлеуетін дамытуға ынтасы артып отырғаны кездесуден байқалады. Университеттегі өзін-өзі басқару ұйымдарының жетекшілері, мүшелері кезек-кезегімен тың бастама ұсынып, жобаларымен бөлісті. Басшылық танытып отырған сенімге өздерін лайықты көрсеткен студенттерге ректор ризашылық танытып, мақсат ҚазҰУ қалашығын жоғары технологиялық аймаққа айналдыру деп алға жетеледі.
Мақсаттары айқын студенттер нәтижеге жету жолында ректорға түрлі салада сауалдар жолдады. Мұнда ҚазҰУ қалашығында дәріхана ашу, асхана қызметін жақсарту сияқты сұрақтармен қатар, тіпті өнер, мәдениет саласында да сұрақтар жолданды. Сұрақ барысында бұған дейін де осы салада атқарылған істерге студенттер алғыстары шексіз екендіктерін де жасырмады. Тіпті өз кезегінде ректордың жеке басына қатысты сұрақтар да қойылды. Үнемі ізденіс пен ұйымдастырушылық, жаңашылдық бастамада жүріп, спортқа да ден қойып, «форманы» сақтауда нені ескермекке кеңес сұрап та жатты. Бұл сұраққа Ғ. Мұтанұлы: «Тәні саудың – жаны сау демекші, спортпен де шұғылданып, көп оқу керек», - деп атады. Сондай-ақ, ашық әңгіме барысында толассыз жолданған сұрақтардың барлығына тыңғылықты жауап беріп, әрбір студент айтқан ұсыныс та, қойылған сауал да ескерусіз қалмайтынын айтты. Бұл сұрақтар университет қызметі мен беделін арттыра түсуде үлкен қолдау екенін жеткізіп, белсенді студенттерге ризашылығын білдірді. Өз сөзін: «білімді адам ешқашан кедей болмауы керек. Жоқшылықты білмеуі қажет. Ал ол үшін алған білімді қолдана білу керек. Қандай іс-шара болсын университет дамуы үшін, еліміздің дамуы үшін, ел болашағы үшін жасалады. Болашақ сіздердің қолдарыңызда. Егер біздің мамандар әлсіз болса, орнын шетелдік мамандардың басуы заңдылық. Ендеше уақыт жоғалтпай әр күнді пайдалы іске жұмсап, мүмкіндікті қолданып, елге, туған жерге қызмет ету керек», - деп жалғаған ол жас буынды оқуға, тоқуға бастады.
Үздік студент қалыптасуы үздік ұстаздан екенін, ал үздік ұстаз қауымдастығы - үздік университет көрсеткіші екенін қадап айтты. Бәсекеге қабілетті маман болу үшін білімде де, ғылымда да, мәдениетте де, өнерде де сапаға ұмтылуға үндеді. Сондай-ақ, студенттер қандай қасиет көрсе, соны жұқтыратындығын алға тартты. Және сол қасиетті олар қоғамға дарытатынын тілге тиек етіп, оқытушы-профессорлар құрамын, әр қызметкерді жұмыла, бірлесе жұмыс жасау, жеткен белестерді арттыра түсуге шақырды.
Баспасөз қызметі