Университетте алғаш рет «Алматы халықаралық БҰҰ-2012 моделі» атты халықаралық студенттер арасындағы ойыны өтті

24 ақпан, 2012

Бүгін әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде алғаш рет «Алматы халықаралық БҰҰ-2012 моделі» атты халықаралық студенттер арасындағы ойыны өтті. Әлемнің сегіз елінің өкілдері қатысып, олар 47 елді таныстырды. әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың халықаралық қатынастар факультеті БҰҰ-ның қоғамдық ақпарат департаментімен бірлесе отырып, Алматы халықаралық БҰҰ Моделін Қазақстанның БҰҰ-ға қабылданғанына 20 жыл толуына орай алғаш рет өткізіп отыр. Бұл студенттер ойыны тек ағылшын тілінде өтті. Бұл жиынның ашылу рәсіміне ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов, ҚР-ның БҰҰ-дағы алғашқы тұрақты өкілі Ақмарал Арыстанбекова, халықаралық қатынастар факультетінің деканы Кәрімжан Шәкіров және т.б. қатысты. Жарысқа қатысушылар Қазақстанның БҰҰ-на қабылданған сәтінде жасалған деректі фильмді тамашалап, күш-жігерлерін жинап, жарысты зор қуанышпен өткізді.


Ауғанстаннан келгеніне 8 ай көлемі болған, ҚазҰУ-дың халықаралық қатынастар факультетінің 1-курс студенті Ахмедияр Ахметуали бұл ойынға биыл бірінші рет қатысып отыр, ол мұнда өз елі туралы толық мәлімет беріп, экологиялық, экономикалық жағдайлары туралы да айтты. Әрбір елді таныстырушылар белгіленген уақыт аралығында барынша дайындығын көрсетуге тырысты, үзіліс уақытында да бір-бірімен қай елді таныстырып, қандай жаңалығымен келгендігі туралы ой бөлісіп жатса, факультет деканы К.Шәкіров студенттерге үлкен қолдау танытып, студенттер өзара пікір алмасып жүрді.

Алматы халықаралық БҰҰ Моделі Қазақстан Республикасы мен Орталық Азияда ең ірі және ең беделді алғашқы ғаламдық студенттердің жобасы болып табылады. Алматы қаласының жоғары оқу орындарының 100-ден астам студенттері және Тәжікстаннан, Қытайдан, Оңтүстік Кореядан, Ираннан, Пәкістаннан, Ауғанстаннан, Үндістаннан, Түрікменстаннан келген 15-тен астам шетелдік студент осы жылғы іс-шараға үлкен дайындықпен қатысты.

БҰҰ моделі – географиялық жағынан кең тараған ауқымды студенттік қозғалыс және әлемнің түкпір-түкпірінде жоғары оқу орындарының жүз мыңдаған студенттері мен жоғары сынып оқушылары қатысатын оқу бағдарламасы. Біріккен Ұлттар Ұйымы бүгінгі таңда Австрия мен АҚШ-та екі ғаламдық студенттердің БҰҰ Моделін ұйымдастыра отырып, модальды қозғалысқа белсенді араласуда.

Алматы халықаралық БҰҰ Моделі – бұл жастардың белсенді азаматтық ұстанымын дамытуға, белгілі коммуникативті дағдыларды қалыптастыруға және студенттің көпшіліктің алдында сөйлеу қабілетін арттыруға көмектесетін оқу факультативті тәжірибелік тренинг. ҚазҰУ-дың студенттері үшін Алматы халықаралық БҰҰ Моделі үздіксіз, жыл бойы жұмыс істейтін оқу үдерісіне енгізілген модуль болып табылады.

ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі