«Академик Төлеген Тәжібаевтың ғылыми мұрасының этнопедагогикалық және этнопсихологиялық әлеуеті» атты дөңгелек үстел өтті

27 ақпан, 2012

2012 жылдың 23 ақпанында философия және саясаттану факультетінде Т.Т.Тәжібаев атындағы этнопедагогика және этнопсихология ғылыми-зерттеу Орталығының ұйымдастыруымен қазақтың тұңғыш психолог-ғалымы, қоғам және мемлекет қайраткері, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ КСР-і Ғылым академиясының академигі Төлеген Тәжібаевтың туған күніне арналған «Академик Төлеген Тәжібаевтың ғылыми мұрасының этнопедагогикалық және этнопсихологиялық әлеуеті» атты дөңгелек үстел өтті.

Дөңгелек үстелге әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Абай атындағы ҚазҰПУ, Қазақ қыздар мемлекеттік университеті, Орталық Азия университетінің ғалымдары, қонақтар қатысып, Қазақ елінің тұғырлы тұлғаларының бірі әл-Фараби есімін иеленіп отырған Қазақ ұлттық университетінің (1948-1953жж.) жылдардағы ректоры болған Т.Т.Тәжібаев туралы баяндамалар жасалды, ұстаз, ғалым, мемлекет қайраткерінің өмірбаянына арналған қысқаша фильмді тамашалады.

Төлеген Тәжібайұлының жастарды жоғары адамгершілік рухта қоғамның адал перзенті ретінде тәрбиелеу туралы ғибратты асыл өнегелері, ағарту саласындағы терең білімі, қажырлы еңбегі, дәріскерлік шеберлігі, сондай-ақ оның халықаралық деңгейде ұйымдастыру, басқару ісіндегі парасаттылығы мен көрегенділігі туралы айтып өтті. Дөңгелек үстел барысында Т.Т.Тәжібаевтың ғылыми мұрасындағы тарихи-педагогикалық білімнің даму бағыттары, оның педагогикалық мұрасының болашақ мамандарды зиялылыққа тәрбиелеудегі рөлі, сонымен қатар, қазақтың ұлттық тәлім-тәрбиесінің қазіргі жәй-күйі, қазақ отбасындағы бала тәрбиесі, қазақ философиясы және ұлттық тәрбиенің өзара байланысы, жас ұрпақ тәрбиесі туралы жаңа тұжырымдама жасау мәселелерін ғалымдар талқылады.

Жалпы және этникалық педагогика кафедрасы