ҚазҰУ Қытай ғылым академиясымен серіктестік орнатады

5 мамыр, 2023

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне ҚХР Ғылым академиясының вице-президенті Чжан Тао, ҚХР ҒА ғылым және технологияларды дамыту бюросының бас директоры Вен Иа және Қытайдың Алматы қаласындағы бас консулы Чжан Вэй бастаған делегация жұмыс сапарымен келіп, университеттің ғылыми инфрақұрылымымен танысты.


Құрметті меймандар алдымен оқу ордасының Процестік инновациялар және Жерді қашықтықтан зондтау орталықтарының жұмысымен танысып, ҚазҰУ ғалымдарының ғылыми көрмесін тамашалады. Сондай-ақ Әл-Фараби кітапханасында орналасқан ҚазҰУ мұражайын және Жағдаяттық басқару орталығын аралап көрді.

Кездесуде Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев ғылым, білім саласында Қытай мен Қазақстан арасындағы серіктестік күн санап артып келетінін атап өтті.

«Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ҚХР-дың 50-ден астам жоғары оқу орнымен серіктестік орнатқан. 2019-2022 оқу жылдары ҚазҰУ-дың 79 білім алушысы «Академиялық ұтқырлық» бағдарламасы бойынша Қытай университеттерінде тағылымдамадан өтті. Білім ордасында Конфуций институты мен Қытайтану кафедрасы жұмыс істейді. Университетте ҚазҰУ ғалымдары әзірлеген 100 инновациялық жоба бар. Ғылыми бағытта және инновациялық жобаларды коммерцияландыру бойынша бірлесіп жұмыс атқару қажет деп санаймын», – деді ректор.

Өз кезегінде ҚХР Ғылым академиясының вице-президенті Чжан Тао бүгінгі сапарының екіжақты байланыстарды одан әрі ілгерілетуге тың серпін беретінін атап өтті.

«ҚазҰУ – Орталық Азиядағы көшбасшы университеттердің бірі. Меніңше, бүгінгі кездесу екі тарап үшін де тиімді болмақ. Осы ретте біз ғылым мен білімді дамытуға күш салып келеміз. Сондықтан ҚазҰУ-мен серіктестік орнатып, бірлесіп жұмыс істеуге дайынбыз», – деді Чжан Тао.

Кездесу соңында тараптар алдағы уақытта ҚазҰУ мен ҚХР Ғылым академиясы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қоюға уағдаласты.

 Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі