ҚазҰУ-да «Әбдірайымов оқулары» өтті
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ кітапханасында жазушы, журналист, аудармашы, баспагер Серік Әбдірайымұлының туғанына 80 жыл толуына орай, «Баспасөз бен баспа ісінің заманауи тенденциялары: дәстүр мен жаңашылдық» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Конференцияда филология ғылымының докторы, профессор Жанғара Дәдебаев С.Әбдірайымовтың қызметі мен шығармашылығы жайында мазмұнды баяндама жасады.
Серік Әбдірайымұлы 1974 жылдан бастап, өмірінің соңына дейін Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінде студенттерге дәріс оқыды. Оқытушылық қызметпен қатар, шығармашылық жолда үлкен табыстарға жетті. Қазақстандағы баспа ісінің дамуына ықпал жасап, ірі баспагер ретінде танылды. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың «Қазақ университеті» баспасының негізінде 90-жылдары «Санат» баспасын құрды.
Іс-шарада жазушы, баспагерлер – Бексұлтан Нұржекеұлы мен Кәдірбек Сегізбай, Д.Қонаев атындағы Еуразиялық заң академиясының ректоры Өмірәлі Жалаири, жазушы Зейнеп Ахметова, ҚР ҰҒА академигі Бақытжан Әбдірайым, Қазақстан Журналистер академиясының президенті, профессор Сағымбай Қозыбаев, профессор Қансейіт Әбдезұлы сөз сөйлеп, баяндама жасады. Конференция аясында С.Әбдірайымұлына арналған кітап көрмесі және «Өмірдің үзік сырлары» атты фотокөрме ұйымдастырылды. Сондай-ақ С.Әбдірайымның өмірі мен шығармашылығына арналған «Ғибратты ғұмыр» атты кітаптың тұсаукесері өтті.
Іс-шара соңында «C.Әбдірайымов оқуларының» жүлдегерлерін марапаттау рәсімі өтті.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі