9 мамыр – Ұлы Жеңіс күні!

9 мамыр, 2023

Құрметті ардагерлер!

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің оқытушы-профессорлары, студенттері,

магистрант, докторанттары!

 Сіздерді 9 Мамыр – Жеңіс күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев мерекелік құттықтауында:

«Сұрапыл соғыс жылдарында отандастарымыз қайсарлық пен қаһармандықтың теңдессіз үлгісін танытты. Майданға аттанған жауынгерлеріміздің тең жартысы ұрпақтың болашағы үшін жанын пида етті. Жеңіске тыл еңбеккерлері де өлшеусіз үлес қосты. Олар ел басына күн туғанда халқымыздың жұдырықтай жұмыла білетінін ерен еңбегімен дәлелдеді», – деп атап өтті.

Бұл мереке – бейбіт өміріміз үшін қан майданда от кешіп, сұрапыл соғыста жеңіске жеткен батырларымыздың ерлігі мен даңқының символы. 

Екінші дүниежүзілік соғысқа миллионнан астам қазақстандық жауынгер аттанып, тең жартысы азаттық пен жеңіс жолында жандарын құрбан етті.

Соғыстың алғашқы жылынан бастап университеттің оқытушы-профессорлар құрамы күшейтіліп, ғылыми-зерттеу жұмыстарының барлығы қорғаныс саласына, халық шаруашылығы мен өндіріске жұмылдырылды.

Осы кезеңде университеттен 287 қызметкер мен студент майданға аттанып, көпшілігі ерлікпен қаза тапты.

Майдан даласында теңдессіз ерлік жасаған қаһарман әкелеріміз бен аналарымыздың қайсарлығы, тылдағы ерен еңбектері халқымыздың жадында мәңгі сақталады. 

Ұлы Жеңіс бізге бейбітшілік пен береке сыйлады.

Сол үшін біз ардагерлерімізге әрдайым тағзым етеміз.

Тәуелсіздігіміздің іргесі бүтін, тұғыры берік болуы және еліміздің өркендеп дамуы – жеңіске бастаған ерлік рухының жемісі.

Халқымыздың береке-бірлігі ажырамасын.

Баршаңызға мықты денсаулық, отбасыларыңызға бақыт, еңбектеріңізге табыс тілеймін.

Жеңіс күні құтты болсын!

 Құрметпен

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің

Басқарма Төрағасы – Ректоры  

Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ