Тіл ғылымында өзіндік із қалдырған ғалым

10 мамыр, 2023

Қазақ тіл ғылымында өзіндік із қалдырған, фило­ло­гия ғылымының докторы, профессор, Қазақстан ғылымына еңбек сіңірген қайраткер, талантты ғалым Аққал Қалыбаева (Хасенова) есімі мен еңбектерін ерекше атап өткен жөн.

Аққал Қалыбайқызы 1923 жылы 17 сәуірде Өзбекстан Республикасы Ташкент облысы Жоғарғы Шыршық ауданының Янгибазар ауылында дүниеге келген. Оқуға ынтық Аққал апай 1945 жылы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының қазақ тілі мен әдебиеті маман­ды­ғын бітіріп, ғылымға ден қояды. 1949 жылы «Қазақ тіліндегі етіс категориясы» атты тақырыпта кандидаттық диссертация, ал 1963 жылы «Қазақ тілінің етістік негіздері» атты тақырыпта док­тор­лық диссертациясын қорғап, қазақ қыздарының ішінен (қазақ) тіл білімі саласы бойынша тұңғыш ғылым докторы атанған. Тілші-ғалымның арнайы айналысқан тілдік мәселелері әр саланы қамтиды: қазақ тілінің грам­ма­тикасы, терминологиясы, сөз­жасам, емле, диалектология мәселелері.

Аққал Қалыбаеваның (Ха­сен­о­ва) «Қазақ тіліндегі етіс катего­рия­сы» (1951), «Қазақ тіліндегі -ла, -ле аффиксті туынды етіс­тік­тер» (1957), «Қазақ тіліндегі туынды етістіктер» (1959), «Қазақ тілінің грамматикасы» (1967), «Қазақ тілінің орфографиялық сөздігі» (1969), «Етістіктің лекси­ка-грамматикалық сипаты» (1971), «Қазақ тілінің граммати­касы бойынша зерттеулер» (1975), «Қазіргі қазақ тілінің морфемалар жүйесі» (1986), «Қазіргі қазақ тілінің сөзжасам жүйесі» (1989) т.б. еңбектері тіл ғылымындағы күрделі мәселелер­ді зерттеуге арналған.

А.Қалыбаеваның алғашқы ең­бектерінің бірі – «Қазақ тіліндегі етіс категориясы» (1951). Қазақ тіліндегі көп дау туғызып жүрген, күрделі мәселенің бірі – етіс ка­те­гориясы. Ғалым осы бір күрделі мәселені арнайы зерттеп, өзіндік талдаулар мен ой қорытындысын жасайды.

Ғалымның «Қазақ тіліндегі -ла, -ле аффиксті туынды етістік­тер» (1957) атты зерттеуі етістіктің сөзжасамына арналған, -ла, -ле аффиксі арқылы жасалған туын­ды етістіктерді арнайы зерттеу нысаны еткен.

«Қазақ тіліндегі туынды етіс­тік­тер» (1959) атты еңбегінде ғалым лексикалық құрамы көлемді, құрылымы аса күрделі сөз табы саналатын етістіктің сөз­жасамына қатысты мәселе­лер­ді барынша қамтуға тырысқан.

Аққал Қалыбаеваның про­фес­­сор Нұржамал Оралбаева­мен авторлық бірлестікте жазған «Қазіргі қазақ тілінің морфемалар жүйесі» (1986) атты еңбегінің маңызы ерекше. Ғалым еңбектің морфеманың теориялық негіз­де­рі, морфтар жүйесі, морфе­малар­дың лексика-грамматикалық си­па­ты, семантика және функ­ция­лық ерекшеліктері, морфтар морфонологиясы т.б. сияқты тарауларын жазып, тіл ғылымындағы морфема, морф, морфонологияға қатысты жаңа көзқарастар мен теорияларды негіздеген. Сондай-ақ А.Қалы­баева қазақ тілінің орфогра­фия­лық сөздіктерін түзуге атса­лыс­қан, орфографиялық сөздіктің бірнеше басылымында тұрақты ав­торлардың бірі болған. Көр­некті ғалым ұжымдық еңбек са­налатын академиялық грам­ма­тиканың морфологияға қатысты мәселелерін жазуға қатысқан авторлардың бірі. Тіл білімі инс­ти­тутында қызмет еткен жылдары ғалым үнемі ұжымдық зерттеу жұмыстарына араласып, белсене қатысып отырған.

Ғалымды тіл білімі, тілдің не­гізгі проблемалары ғана емес, со­нымен қатар отбасы, бала тәр­биесі, қазақ қыздарының ғылым­дағы, өнердегі, қоғамдағы рөлі сияқты мәселелер де қызық­тыр­ған. Кеңес кезінде жазылған «Біздің советтік семья», «Семья, неке және ислам», «В.И.Ленин және әйел теңдігі» сияқты кітап­тарында айтқан ойлары осының айғағы.

Көрнекті ғалым, зерделі зерт­теуші, қазақ қыздарының ішінде шыққан қазақ тіл ғылымы бойын­ша тұңғыш ғылым докторы, про­фес­сор Аққал Қалыбаева қазақ тіл білімінің іргесін бекітіп, көк­жиегін кеңейту жолында жемісті еңбек еткенін біз туғанына 100 жыл толу қарсаңында құрметпен еске аламыз.

 Құралай МҰХАМАДИ,

қауымдастырылған  

профессор, ф.ғ.к.