Бірлігі жарасқан ел жастары – «Бірлік.kz»-те бірікті!

28 ақпан, 2012

«Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың халыққа Жолдауында жастарға аса көңіл бөлінгені белгілі. Осы негізде Елордасы – Астана қаласында «Оқыту үдерісін күшейтудің типтік кешенді бағдарламасы» жасалып, оның жұмысына ҚазҰУ қызметкерлері мен білімгерлері қатысып келді.

 

Жастар ұйымдарымен жұмыс жөніндегі бөлімнің жетекші маманы Сандуғаш Картаева, философия және саясаттану факультетінің phd докторанты Жеңісбек Төлен, журналистика факультетінің магистранты Камиль Галиев жастар тәрбиесінің типтік кешенді бағдарламасын жасау мақсатында Астана қаласына екі апталық жұмыс уақытына арнайы іс-сапармен жіберілді. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 1 шілдеде бекітілетін бағдарламаның мазмұны жастардың тәрбиесін бірнеше бағыт бойынша жүргізуді қамтыды. Еліміздің түкпір-түкпірінен, білім беру ұйымдарының әр саласынан жиналған сарапшылар 0 мен 29 жас аралығындағы тәрбиені кешенді түрде қарастырды. Жұмыс уақытының соңғы екі күні республиканың Жастар ұйымдары көшбасшылары және осы сала қызметкерлері қатысқан «Бірлік.kz» форумының қорытынды жұмысымен аяқталды. Аталған форум жұмысына Жастар ұйымдарымен жұмыс жөніндегі бөлім бастығы Данияр Сүндетбаев қатысып, ұлттық университет жастарының жүзеге асырып жатқан жобаларын басшылыққа ала отырып, барша Қазақстан жастарын бірлікке шақырды.

«Білімді болуға –оқу, бай болуға – кәсіп, күшті болуға – бірлік керек»-деген екен халық ағартушысы Ахмет Байтұрсынұлы. Білімді, бай, ең бастысы – күшті болу бүгінгі жастардың міндеті. Себебі, тек болашақ емес, еліміздің бүгіні – жастардың қолында!

 Жастар ұйымдарымен жұмыс жөніндегі бөлім