ҚазҰУ-да Рахметолла Райымқұловқа арналған халықаралық конференция өтті
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде жазушы, қоғам қайраткері Рахметолла Райымқұловтың туғанына 110 жыл толуына арналған «Рахметолла Райымқұловтың әдеби мұрасы: Көркемдік және ұлттық мінез» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылды.
Жиында жазушының өмірі мен шығармашылығына арналған «Ғибратты ғұмыр» атты сериялық кітабының және балаларға арналған «Сұр көбелек» кітабының салтанатты тұсаукесер рәсімі өтті.
Іс-шараға ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев, ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев, қаламгерлер – Дулат Исабеков, Нұрлан Оразалин, Смағұл Елубай, Сауытбек Әбдірахманов, мемлекет және қоғам қайрткерлері, Рахметолла Райымқұловтың қызы, Р.Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының басшысы Ақтоты Райымқұлова, оқу ордасының оқытушы-профессорлар құрамы мен білім алушы жастары қатысты.
Конференция барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев оқып берді. Хатта: «Рахметолла Райымқұлов – руханиятымыздың өркендеуіне зор үлес қосқан қаламгер. Жазушының шоқтығы биік шығармалары оқырман қауымның жүрегіне жол тауып, лайықты бағасын алды. Сондай-ақ ол шетелдің классикалық туындыларын қазақ тіліне аударып, рухани мол мұра қалдырды. Қаламгердің еңбек жолы өскелең ұрпаққа үлгі болары сөзсіз», – делінген.
Сонымен қатар жиында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлінің, ҚР Мәдениет және спорт министрі Асхат Ораловтың құттықтау хаты оқылды.
Өз кезегінде Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев сөз сөйлеп, Рахметолла Райымқұловтың еңбек жолына тоқталды.
«Рахметолла Райымқұловтың ізденіс жолы 1935 жылы Ташкент пединститутынан басталған. Көптеген жас қаламгерге кеңесін айтып, жол нұсқап отырды. Басшылық қызметте жүріп, әдеби шығармашылықпен айналысты. Қаламгердің есімі әдеби ортада, оқырман арасында кеңінен танылды», – деді Жансейіт Түймебаев.
Конференция барысында филология ғылымының докторы, профессор Қансейіт Әбдезұлы баяндама жасап, қаламгерлер қауымы естеліктерімен бөлісті.
«Рахметолла Райымқұлов – қазақ әдебиетіне жаңаша серпін алып келген тұлға. Оның кез келген туындысы оқырман жүрегінен орын ала білді. Ұрпаққа қалдырған мұрасы ұшан-теңіз. Осындай әдебиет әлемінде өзіндік қолтаңбасын қалдырған жазушыларымызды ешқашан ұмытпауымыз қажет. Бүгінгі игі шараның маңыздылығы жоғары», – деді Дулат Исабеков.
Кездесу соңында жазушының қызы Ақтоты Райымқұлова кешті ұйымдастырғаны үшін ҚазҰУ басшылығына ризашылығын білдірді. Өз сөзінде ол бүгінгі «Ғибратты ғұмыр» сериясы арқылы басылып шыққан кітаптың орны бөлек екенін жеткізді.
Сондай-ақ конференцияда Рахметолла Райымқұловқа арналған республикалық шығармашылық байқаудың жеңімпаздары анықталып, арнайы сыйлықтармен марапатталды.
Шара аясында жазушының өмірі мен шығармашылығына арналған фото және кітап көрмесі ұйымдастырылды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі