Білім алушыларды қабылдау мәселелері талқыланды
Кезекті Ғылыми кеңесте білім беру бағдарламаларына білім алушыларды сапалы қабылдау және университет қызметкерлері үшін тұрғын үй салу мәселелері талқыланды.
Алдымен қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы Наталья Ем баяндама жасады. Ол қазіргі таңда қабылдау комиссиясының хатшылығы құрылып, қабылдау науқанының күнтізбесі дайындалғанын алға тартты. Құжаттарды қабылдауды қамтамасыз ету үшін факультеттер бойынша техникалық хатшылардың тізімі бекітілді.
«16 мамыр – 5 шілде аралығында бакалавриат, 20 шілде – 10 тамыз аралығында магистратура, 4-20 тамызда докторантура бойынша Ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындылары шығарылады. Конкурсқа құжаттарды қабылдау 13-20 шілде аралығында – бакалавриат, 11-16 тамыз аралығында – магистратура, 21-23 тамыз аралығында – докторантура бойынша жүзеге асырылады. Сондай-ақ оқуға қабылдау 25 тамызға дейін бакалавриат, магистратура, 28 тамызға дейін докторантура бойынша жүзеге асырылады», –деді жауапты хатшы.
Сонымен қатар баяндамада білім алушылар контингентінің сапасы мен қарқыны, ҚазҰУ-ға түсу үшін шекті балдардың мамандықтар бойынша жоспарлы мәндері мен өзгеру барысы ұсынылды. Биыл әскерде қызмет еткен қазақстандықтар ҰБТ-дан өтпей-ақ жоғары оқу орындарына түсе алады. Осыған байланысты университет басшысы оларды қабылдауға дайындық бойынша бірқатар тапсырмалар берді.
Мәжілісте Картография және геоинформатика кафедрасының меңгерушісі Айжан Асылбекова білім алушыларды университеттің білім беру бағдарламаларына сапалы қабылдауды қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы айтты. Қабылдау комиссиясы білім беру бағдарламаларын таңдау бойынша кеңес беру үшін өңірлерден келген мектептермен онлайн-кездесулер, университет бойынша кампус-турлар ұйымдастыратынын жеткізді. Сонымен қатар университеттердің онлайн және офлайн форматтағы жәрмеңкелеріне қатысады.
ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев факультет басшыларына 2022-2023 оқу жылы контингентіне сандық және сапалық талдау жасауды тапсырды. Сонымен қатар ректор қабылдау науқаны шеңберінде жұмысты жандандыру, факультеттердің кәсіптік бағдарлау іс-шараларының жоспарын ұсыну, қабылдау комиссиясының үздіксіз жұмысын техникалық тұрғыдан қамтамасыз ету, оқуға түсушілер контингентінің сапасын арттыру мақсатында «Алтын белгі» иегерлері және республикалық олимпиадалардың жеңімпаздарымен үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу және студенттердің жазғы демалысын ұйымдастыруға назар аудару қажеттігін баса айтты.
Сондай-ақ жиында университет қызметкерлерінің «Парасат» кәсіподағының өкілі Дәулетбай Рысқалиев ОПҚ және ғылыми қызметкерлердің бос лауазымдарына конкурс өткізу мерзімі туралы айтып берді. Байқауды маусым айында өткізу ұсынылды. Бұған қоса кәсіподақ өкілі ғылыми кеңес қатысушыларын университет қызметкерлері үшін тұрғын үй салу мәселелеріне қатысты ұжымдық шарт тараптарының бірлескен қызметімен таныстырды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі