ҚазҰУ басшысы Солтүстік-Батыс политехникалық университетінің ректорымен кездесті

18 мамыр, 2023

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев Қытайға жұмыс сапары барысында Солтүстік-Батыс политехникалық университетінің ректоры Сун Баовэймен кездесіп, екіжақты ынтымақтастық бағытындағы мәселелерді талқылады.

Сун Баовэй кездесу барысында 1938 жылы құрылған Солтүстік-Батыс политехникалық университетінің қызметіне тоқталды. Сиань қаласында орналасқан оқу ордасында бүгінде 36 мыңнан астам студент білім алады. Жоғары оқу орнында аэронавтика, астронавтика және теңіз техникасы бойынша білім беру және зерттеу бағдарламалары жүзеге асырылуда. Қытайлық әріптестер екі жоғары оқу орнының ынтымақтастығын нығайту үшін жан-жақты жәрдемдесуге, перспективті жобалар мен бастамаларды қолдауға дайын екенін білдірді.

Жүздесу барысында ректорлар ынтымақтастықты арттыру және ҚазҰУ базасында Солтүстік-Батыс политехникалық университетінің филиалын ашу туралы келісімге қол қойды. Келісімнің мақсаты – студенттер және оқытушылар алмасу, ғылыми бағытта бірлесіп зерттеу жұмыстарын жүргізу, ортақ зертханалар ашу және білім беру бағдарламаларын жүзеге асыру, техникалық бағытта білікті мамандар даярлау.

Қытайдың техникалық бағытта білім беретін көшбасшы жоғары оқу орындарының бірі – Солтүстік-Батыс политехникалық университеті Academic Ranking of World Universities 2023 халықаралық рейтінгінде Топ-200, THE 2023 рейтингісінде Топ-600 қатарында және U.S.NEWS 2023 халықаралық рейтингінде 333-орынға ие. Атақты оқу ордасынан физикадан Ли Чжэндао мен химия саласында Харольд Крото Уолтер атты Нобель сыйлығының иегерлері шыққан.


Өз кезегінде Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев Қытайдың жоғары оқу орындарымен ғылым және білім саласында өзара ынтымақтастық бойынша бай тәжірибе жинақтаған Қазақстанның жетекші университетінің тарихымен және қызметімен таныстырды. ҚазҰУ ректоры университет ғалымдары әзірлеген 100 инновациялық жоба бар екенін жеткізді. Қазіргі таңда аталған ғылыми жобаларды коммерцияландыру бойынша жұмыстар атқарылып жатқанын айтып өтті.

«Келісім аясында біз ғылыми бағытта бірлесіп зерттеу жұмыстарын жүргізіп, ортақ жетістіктерге жетеміз деп ойлаймын. Бұл бастама тәжірибе алмасуға және кадрларды даярлауға үлкен мүмкіндік беретін болады», – деді Жансейіт Түймебаев.

Оқу ордасына сапары барысында Жансейіт Түймебаев Солтүстік-Батыс политехникалық университетінің тыныс-тіршілігімен танысып, оқу корпустарын және ғылыми орталықтар мен зертханаларды аралап көрді.

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі