- Басты бет
- Жаңалықтар
- Ислам ынтымақтастығы ұйымының министрлері ҚазҰУ ғылыми инфрақұрылымымен танысты
Ислам ынтымақтастығы ұйымының министрлері ҚазҰУ ғылыми инфрақұрылымымен танысты
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Ислам ынтымақтастығы ұйымы министрлерінің бірінші кездесуі өтуде.
Мұсылман әлеміндегі беделді ұйымның ресми өкілдерін ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек пен Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев қарсы алып, университеттің ғылыми инфрақұрылымымен таныстырды.
Құрметті қонақтар ҚазҰУ музейі мен Жағдаяттық басқару орталығын аралап, Дәрілік өсімдіктерді ғылыми-зерттеу орталығына барды. Орталық директоры Жанар Жеңіс өндірістің негізгі мақсаты Қазақстанда өсетін дәрілік өсімдіктерді зерттеу екенін айтып, атқарылып жатқан жұмыстар жайлы баяндады.
Орталық соңғы үлгідегі құрылғылармен жабдықталған. Қазіргі таңда өндірісте тұмау мен бауыр ауруларынан сақтайтын және иммунитетті көтеретін, коронавирус инфекциясына қарсы биологиялық белсенді қоспалар дайындалады. Сонымен қатар қант диабетін төмендететін, қан қысымын реттейтін, асқазан-ішек жүйесінің жұмысын жақсартатын, иммунитетті көтеретін фитошайлар өндіріледі.
Келесі кезекте Процестік инновациялар орталығында қонақтарды директор Әмірхан Темірбаев қарсы алып, инжиниринг және жоғары технологиялар кластері мен Жерді қашықтықтан зондтау орталығының тыныс-тіршілігімен бөлісті.
ҚазҰУ-дың Жерді қашықтықтан зондтау орталығында геоақпараттық жүйелер және ғарыштық суреттер негізінде әртүрлі салаларға арналған геоөнімдер дайындалады. Алынған мәліметтерді қолдану арқылы түрлі талдау жұмыстары жүргізіледі.
Мұнан соң Ислам ынтымақтастығы ұйымының министрлері ҚазҰУ Технологиялық паркінде болып, Әл-Фараби кітапханасында ұйымдастырылған ҚазҰУ мен өзге де жоғары оқу орындарының ғылыми жетістіктер көрмесін тамашалады.
Айта кетейік, университетте ҚазҰУ ғалымдары әзірлеген 100-ден астам инновациялық жоба бар. Оқу ордасында 16 факультет, 8 ғылыми-зерттеу институты, 29 ғылыми орталық пен Ғылыми-технологиялық паркі жұмыс істейді.
Ректор Жансейіт Түймебаев делегация мүшелеріне ҚазҰУ қалашығы құрылысы ІІ кезеңінің жоспарымен таныстырып, жатақхана, оқу корпустары мен қызметтік тұрғын үйлер жобасын көрсетті.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі